Тым көп не мүлдем жоқ: Павлодарда қоғамдық көлік мәселесі көтерілді
Тар жолдарда шағын орта классты автобустар шығуы мүмкін, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Аймақ басшысы Асайын Байхановтың облыс орталығының тұрғындарымен кездесуінде тұрғындардың бірі Циолковский көшесінен Жібек жолы көшесіне дейін, Шағын айналма жолда автобустар мүлдем жүрмейтініне шағымданған.
– Ол жердегі аймақ шынымен де өсіп бара жатыр. Себебі, 200-250 қызметкері бар түрлі ұйымдар жұмыс істейді. Бұл сұрақты бұрыннан қарастырып жүрдік. Алдымен бес проблемалық маршруттар мәселесін шешіп алайық, одан кейін жаңа бағыттар бойынша автобустарды енгізу және оңтайландыру сұрағын көтереміз,– деді Асайын Байханов.
Оның сөзінше, кейбір көшелер бойында автобустар тым көп шығады.
– Мәселен, Нұрмағамбетов көшесінде бес қоғамдық көлік жүреді. Ал Астана мұз сарайына дейін ешқандай автобус жүрмейді. Балалар үшін қолайсыз. Ондай көптеген көшелер бар. Тасымалдаушыға тар көшелерге бұрылатындай 8,5 метрлік орта класстағы автобустарды сатып алу міндетін қойдық, – деп атап өтті Асайын Байханов.
Айта кетейік, келесі жылы тағы 50 автобус сатып алу жоспарлануда. Олар № 003, 3, 5, 115, 126, 152 қозғалыс бағыттарына шығады. Келесі жылдан бастап аталған бағыттар әлеуметтік маңызы бар бағыттар тізіміне енгізіліп, субсидиялана бастайды.