Батырларға тағзым: Павлодарлықтар эстафета жүгіреді

Батырларға тағзым: Павлодарлықтар эстафета жүгіреді
Фото: pixabay.com / dsansdzhiev

Қатысушылар батырлар мен Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіштерді аралап өтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

27 сәуір күні өңірде Отан қорғаушы күні мен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай «Батырларға тағзым: Ескерткіштен ескерткішке» атты эстафеталық жүгіру шарасы ұйымдастырылады.

Шараның мақсаты – қазақстандық патриотизмді тарихи ұрпақтар сабақтастығы арқылы нығайту.

– Эстафета барысында қатысушылар бір-біріне Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын және Жеңістің 80 жылдығына арналған ресми логотип бейнеленген туды табыстайды. Бұл – тарихи жады мен ұрпақтар сабақтастығының символы. Екі бағыттағы қатысушылар Павлодар қаласындағы Жеңіс саябағында орналасқан Даңқ обелискісінде кездесіп, шараны оркестрдің қарсы алуымен, Мемлекеттік гимннің орындалуымен және үнсіздік сәтімен аяқтайды, – деді қалалық ішкі саясат бөлімінің баспасөз қызметі.

Эстафета екі бағыт бойынша өтеді: «Солтүстік» және «Оңтүстік». Бірінші бағытта қатысушылар Қаныш Қамзиннің бюстінен (Толстой мен Қамзин көшелерінің қиылысы) бастап, Малайсары батыр ескерткіші арқылы (Н. Назарбаев даңғылы, 36, «Bayanmall» сауда үйінің қарсысы) Жеңіс саябағындағы Даңқ обелискісіне дейін жүгіріп өтеді. Бұл бағыттың ұзындығы – 7,2 шақырым.

Екінші бағыт Белгісіз сарбаз ескерткішінен («Әскери даңқ» саябағы) басталып, Баян батыр ескерткіші арқылы (Баян батыр мен Торайғыров көшелерінің қиылысы, «Сарыарқа» қонақ үйінің қарсысы) сол Жеңіс саябағындағы Даңқ обелискісінде мәреге жетеді. Бұл қашықтық – 4,1 шақырым.

Барлық қатысушылар «Жеңіс лентасы» патриоттық лентасын тағып жүгіреді.