Павлодарда салт-дәстүрді насихаттайтын ерекше көрме өтті

Павлодарда салт-дәстүрді насихаттайтын ерекше көрме өтті
Фото: Айгүл Төлегенова

«Наурыз бояулары» атты көрмеде көпшілік ұлттық эстетика туындыларымен танысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыс орталығындағы Д.П.Багаев атындағы музей-үйінде фотосуретші Айгүл Төлегенованың ұлттық салт-дәстүрімізді насихаттауға бағытталған фотосуреттер көрмесі өтті.

Бұл көрме - жай ғана суреттер жиынтығы емес, бұл қазақ көшпелі өркениетіндегі әйел бейнесін зерттеуге арналған көркемдік жоба. Автордың объективіне ілінген дүниелерден ұлттық киімнің, шексіз даланың және ата-бабалар рухының біртұтас эстетикалық кодқа айналғанын байқауға болады. Әрбір портретті көрнекі жырға айналдырып, қазақ ұлттық киімдерінің терең сұлулығын паш етеді.

- Әр суретті адамдардың бойында қазақ мәдениетіне қатысты жарқын естеліктер қалса деген тілекпен түсіремін. «Киіз үй» деген жоба бастап, соңғы төрт жылда қаншама жанды ұлттық салт-дәстүрімізге жақындата түскен фотосуреттерді дүниеге әкелдім. Клиенттерімнің арасында өзге ұлттың адамдары баршылық. Олар бұл арқылы біздің ұлттық киіміміздің эстетикалық ерекшелігін тереңірек түсініп, елімізге деген сүйіспеншілігін білдіріп жатады. Әшекейлерді көбірек қолданамын. Сонау АҚШ-тан, Еуропа елдерінен келіп, арнайы түсіп кеткендер қаншама, - дейді Айгүл Төлегенова.

Автор этностильді жаңаша пайымдап, қазақтың ұлттық киімін тек музей экспонаты ретінде емес, бүгінгі күннің сәніне сай, жанды, өзекті мәдениет ретінде көрсетеді. Бұл - қазіргі жастарды өз тамырынан ажырамауға, ұлттық жәдігерлерді мақтан тұтуға шақыратын ерекше үндеу. Халқымыздың қоңыр тіршілігіне жақын түстердің қанықтығы мен бейнелердің шынайылығы қазақы болмыстың тылсым әлеміне жетелейді.

Көрмеге 50 фотожұмыс қойылған. Ондағы әр картинадан ұлттық дәстүр мен заманауи өнердің үйлесімін, Сұлулық пен рухтың үндесуін көруге болады.

Фотосуретшінің объективіне ілінген ерекше туындылар елімізден бөлек, Ресейде және Францияда өткен ірі көрмелерде де көрермен назарына ұсынылып жүр.