Баянауыл ұлттық паркінде фототұзақтар іске қосылды
Енді ғалымдар жабайы жануарлардың жасырын тіршілігін бақылайтын болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде жануарларды фотомониторингтеу жұмыстарының жаңа маусымы басталды. Ғалымдар парк аумағындағы тауларға, ормандар мен шатқалдарға фототұзақтар орнатып, қандай жануарлар мекендейтінін, олардың қозғалысын және өңір экожүйесінің қалай өзгеріп жатқанын зерттемек.
Зерттеу Қазақстанның солтүстік-шығысындағы кәсіптік-аңшылық сүтқоректілерді зерттеу және геоақпараттық модельдеу жөніндегі ғылыми жоба аясында жүргізілуде.
Торайғыров университетінің «Биология және экология» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD докторы Зарина Серғазинованың айтуынша, фототұзақтарды орнату орындары арнайы GIS-жүйелер арқылы алдын ала анықталған. Ғалымдар жер бедерінің ерекшеліктері мен адам әрекетінің табиғатқа әсерін ескерген.
– Біз Қазақстанның солтүстік-шығысындағы жануарларды бақылаудың заманауи жүйесін құруды көздейміз. Ол үшін фототұзақтар, дрондар және геоақпараттық технологиялар қолданылып жатыр. Жиналған деректерді әлем ғалымдары пайдаланатын халықаралық GBIF базасына енгізуді жоспарлап отырмыз, – деді Зарина Серғазинова.
Өткен жылы осындай зерттеулер «Ертіс орманы» резерваты мен Павлодар ауданы аумағындағы Ертіс жайылмасында жүргізілген. Ол кезде ғалымдар фототұзақтар мен ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдаланған.
Нәтижесінде бұлан, қабан, сібір елігі, қасқыр, сілеусін, түлкі, борсық, суыр, тиін және ақ қоян сынды 11 жануар түрі тіркелді.
Зерттеушілердің айтуынша, фототұзақтар, дрондар және цифрлық модельдеуді қатар қолдану жануарлар әлемін дәлірек зерттеуге және табиғаттағы өзгерістерді бақылауға мүмкіндік береді. Бұған дейін Қазақстанның солтүстік-шығысында мұндай ауқымды зерттеулер жүргізілмеген.
Жиналған мәліметтер ғылыми жұмыстарда ғана емес, Торайғыров университетінің оқу процесінде және Павлодар облысының табиғатты қорғау ұйымдарының қызметінде де қолданылмақ.
Баянауыл ұлттық паркіндегі зерттеу жұмыстары 2026 жылдың күзіне дейін жалғасады.