Баянауыл ауданында электр желілерін толық жөндеуге қаржы жетпейді
Мәселені түбегейлі шешу үшін мәжіліс депутаты резевртен қаржы қарастыруға болатынын айтты, деп деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аудан орталығына мәжіліс депутаты Нұржан Әшімбетов жұмыс сапарымен барды. Онда аудандық мәслихат депутаттары, жергілікті қауымдастық өкілдерімен жиын өткізіп, өзекті мәселелерді талқылады.
Бұл туралы Баянауыл ауданының әкімі Ардақ Ксенбаев өзінің Instagram парақшасында мәлімдеді.
- Ауданда электр желісі күн тәртібіндегі мәселе. Биылғы жылы Баянауыл, Жаңатілек ауылдарында және Майқайың кентінде трансформатор подстанциялары ауыстырылады. Ал 2024 жылы 7 трансформатор подстанциясы ауыстырылады деп жоспарлануда. Жалпы, аудандағы электр желілеріне жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін бөлінген қаржы аз. Бұл мәселеде барынша қолдау білдіруге дайын екенін айтқан мәжіліс депутаты резевртен қаржы қарастыруға болатынын жеткізді, - деп жазды аудан әкімі.
Сонымен қатар, жиында Жасыбай демалыс аймағына кәріз жүйесін тарту мәселесі де қаралды.
- Демалыс аймағындағы «Золотые пески» демалыс үйі су тазарту жүйесін биыл үшінші жыл қолданып отыр. Тазартылған су ағаш суару және басқа да техникалық мақсатқа жұмсалады. Бұл тәжірибені басқа демалыс үйлеріне де қолдануға болады. Өткен жылдың соңынан Түркия мемлекетінің компаниясымен келіссөздер жүргізілуде. Олар зерттеу жұмыстарын жүргізіп, жердің тасты болуы себебінен, кәріз жүйесін жердің үстімен тарту жолын ұсынды, - деп толықтырды Ардақ Ксенбаев.
Ал Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі директорының міндетін атқарушы Ерқұлан Талғатұлы «Ерекше қорғалатын табиғи аймақтар Заңында» кәріз жүйесіне жер беру мәселесі қаралмағанын айтты. Ұлттық парк аталмыш заңға 14 өзгеріс енгізіп, депутаттан қолдау күтетінін жеткізді.
Жиында депутаттар экология мәселесін көтеріп, ауданға жеке эколог берілмесе, мобильді топ құрып, жиі кеңес өткізу жөнінде ұсыныс білдірді.