Екі күнде Павлодар облысына жүзден астам түркістандық көшуге ынта білдірді

Екі күнде Павлодар облысына жүзден астам түркістандық көшуге ынта білдірді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Түркістан облысында «Жаңа қоныс – 2026» республикалық өңіраралық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Екі күнге созылған маңызды іс-шара еңбек нарығындағы өзекті мәселелерді шешуге және азаматтарға жаңа мүмкіндіктер ұсынуға бағытталды.

Жәрмеңкеге Павлодар облысынан арнайы делегация қатысып, оның құрамына жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Самал Қадырова, бірқатар аудан әкімдері мен олардың орынбасарлары, ауылдық округ әкімдері, білім беру саласының өкілдері және Еңбек мобильділігі орталығының мамандары кірді. 

Іс-шара 20 сәуір күні Сайрам және Сарыағаш аудандарында басталып, 21 сәуірде Түркістан қаласында жалғасын тапты. Жәрмеңке барысында жергілікті тұрғындарға Павлодар облысындағы бос жұмыс орындары кеңінен таныстырылып, ерікті қоныс аудару бағдарламасының тиімді тұстары түсіндірілді.

Жалпы, жәрмеңкеге 1000-нан астам адам қатысып, олардың көпшілігі ұсынылған мүмкіндіктерге қызығушылық танытты. 

– Қатысушыларға төрт мыңнан астам бос жұмыс орны ұсынылды. Әсіресе білім беру, денсаулық сақтау, өнеркәсіп және қызмет көрсету салаларында мамандарға сұраныс жоғары екені атап өтілді. Ұсынылатын жалақы мөлшері 250 мың теңгеден бастап 380 мың теңгеге дейін және одан да жоғары болуы мүмкін. Іс-шара қорытындысы бойынша 100-ден астам азамат Павлодар облысына қоныс аударуға ниет білдірді. Бұл – өңіраралық еңбек мобильділігінің нақты нәтижесі, – деді Самал Қадырова.

Бүгінгі таңда қоныс аудару бағдарламасы аясында жоспарланған 1655 адамның 937-сі жаңа өңірге көшіп үлгерген. Бұл жоспардың 56,6 пайызының орындалғанын көрсетеді. Жалпы алғанда, бағдарлама жүзеге асырылғалы бері Түркістан облысынан Павлодар өңіріне жеті мыңнан астам адам қоныс аударған.

Басқарма басшысының айтуынша, мұндай жәрмеңкелер халықты жұмыспен қамту деңгейін арттырып қана қоймай, өңірлер арасындағы экономикалық байланысты нығайтуға, еңбек нарығын теңгерімді дамытуға ықпал етеді.

Айта кетейік, осы бастаманың жалғасы ретінде Шымкент қаласында тағы бір бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізу жоспарланып отыр.

«Жаңа қоныс – жаңа мүмкіндік» ұранымен өткен бұл жәрмеңке көптеген азамат үшін өмірін өзгертуге жол ашқан маңызды алаңға айналды.