Май ауданындағы бассейн ашылуға дайын тұр
Құрылыс мерзімінен бұрын аяқталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Көктөбе ауылында екі жылдық жоба аясында салынған жаңа бассейн құрылысы толығымен аяқталды. Аудан әкімі Қадылжан Сәтиевтің мәліметінше, құрылыс барысында барлық негізгі жұмыстар орындалған. Атап айтқанда, ғимаратты және ішкі желілерді жөндеу, асфальттау, сыртқы жарықтандыру, аула мен қасбеттің абаттандырылуы жүргізілген. Қазіргі уақытта тек тазалау, жиһаз орнату жұмыстары қалды.
– Бассейннің құрылыс жұмыстары 99 пайызға аяқталды. Тек қана тазалау жұмыстары, құжаттарды рәсімдеу қалды. Бассейн толықтай келесі жылы, қызметкерлер штатқа қабылданғаннан кейін пайдалануға беріледі, – деді аудан әкімі.
Жаңа спорт нысаны балалар мен жастарға арналған түрлі бағдарламалар мен үйірмелерді іске қосуға мүмкіндік береді. Бассейнде стандартты 25 метрлік төрт жолақ бар және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған арнайы көтергіштер қарастырылған.
Ауданда бассейнді пайдалану мен күтіп ұстау, қызметкерлерді ресми түрде қабылдау мәселелері келер жылы шешіледі.