Баянауыл ауданының оқушысы: IQanat жоғарғы оқу орнына түсуге мүмкіндік береді
Баянауыл ауданы Құндыкөл ауылы Ә.Марғұлан атындағы ЖОББМ оқушысы Жансая Аужанова аталған олимпиада арқылы түрлі жетістіктерге жетуге болатынына сенімді, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz.
– Аудандық, өңірлік кезеңнен өту қиындық тудырған жоқ. Дайындыққа көп уақыт жұмсадым деп айта алмаймын, алайда республикалық кезеңге дайындық қарқынды түрде өтті. Мотивация өте мықты, себебі маған үміт артып орырғандар көп, – дейді республикалық кезеңде өтетін байқауға жолдама алған оқушылардың бірі – 8-сынып оқушысы.
Жас өреннің пікірінше, IQanat жобасы білім алуға құштар жастар үшін жарқын болашаққа жол ашады.
– Бұл жоба маған үлкен мотивация берді. Алдыма үлкен мақсаттар қоюға көмектесті. Сондай-ақ IQanat олимпиадасы жоғары оқу орнына түсуге де септігін тигізеді, – дейді Жансая Аужанова.
Айта кетерлігі, өткен жылғы сайыста республиканың 100 оқушысы IQanat High School of Burabay мектебіне түсті. Оның ішінде 10 оқушы Павлодар облысының намысын қорғаған. Нәтижесінде ең үздік көрсеткіш көрсеткен Шарбақты ауданынан қатысқан Дамир Таныбаев жүзден жүйрік атанып, Iqanat мектебіне білім алуға мүмкіндік алды.
IQanat олимпиадасы және қордың басқа да бағдарламалары мыңдаған ауыл балаларына ең жоғары технологиямен қамтамасыз етілген мектептердің бірі – IQanat High School of Burabay мектебіне түсуге, мықты мұғалімдермен қарым-қатынас жасау арқылы баға жетпес тәжірибе алуға, өмір сүру деңгейін көтеруге мүмкіндік береді. Қор бағдарламаларының түлектері – ауыл мектептерінің оқушылары Nazarbayev University, University of Purdue, Polytechnic University of Hong Kong, University of Chicago сынды университеттерге түсуде.
Еске сала кетейік, финалға шыққан 824 үміткердің арасынан үздік атану үшін Павлодар облысының 25 ауыл оқушысы бақ сынайды. Олар математика, тарих, география, биология, логика, математикалық сауаттылық бойынша білімдерін саралайды.
IQanat жобасы арқылы соңғы 5 жылда 160 мыңнан астам ауыл мектебінің оқушысы сапалы білім алуға қолжеткізді. Республикалық слёт аясында соңғы іріктеу кезеңінен кейін 120 жеңімпаз IQanat мектебіне тегін оқуға шақыру алады. Ал қалған қатысушылар олимпиададан кейінгі білім беру бағдарламаларымен қамтылады.