Баянауыл ауылы Лас-Вегастай жарқырайды
Жаңатілек ауылында 223 шам орнатылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың Баянауыл ауданының тұрғындарымен тұрақты кездесуінде Жаңатілек ауылы тұрғындарының бірі жарықтандыру мәселесін көтерді.
– Көше қараңғы, иттер көп, балалар әзер өтеді, – деді ол.
Аймақ басшысы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша ауыл толығымен жарықтандырылатынын жеткізді.
– Алла жазса, ауыл Лас-Вегас сияқты жарқырайды. Күндіз жүргендей боласыздар. Қай шетте жүрсеңіздер де көрініп қаласыздар, – деді облыс әкімі.
Ауыл ішіндегі көше жарығы бойынша мемлекеттік сатып алуды «Хлебстрой» ЖШС жеңіп алған, шарт сомасы – шамамен 114 миллион теңге. Мердігер келесі жылдың сәуір айында жұмысқа кіріседі. Негізгі көшелер жарықтандырылады, төрт айдың ішінде 223 шам орнату жоспарланып отыр. Биіктігі – 11 метр, тіректер арасындағы қашықтық – 30 метр. Сонымен қатар, Жаңатілек ауылында 4,5 шақырымнан астам кентішілік көшелер күрделі жөндеуден өтеді. Жолдың ені – бес метр. Ауылдың басты көшелерінде асфальт төселеді. Мердігер ретінде «Екібастұзтеплоэнергомонтаж» ЖШС анықталды.
Асайын Байханов мердігердің тәжірибелі болуы және барлық жоспарланған көлемді уақтылы және сапалы орындауы тиіс екенін атап өтті.