Павлодарда АӘК алушыларға азық-түлікке ваучерлер берілмек

Павлодарда АӘК алушыларға азық-түлікке ваучерлер берілмек
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Кейбір азаматтарда азық-түлікті 15 пайыз сауда үстемесіз, арзан бағаға сатып алуға мүмкіндік туады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Президент қойған міндеттерді іске асыру аясында Үкімет ӘМАТ-қа белгіленетін сауда үстемелерін бақылауды күшейту мақсатында 1 қазанға дейін Көкшетау және Павлодарда пилоттық жобаны іске қосады. 

– Пилоттық жоба  шеңберінде атаулы әлеуметтік көмек алушыларға азық-түлік ваучерлері беріледі. Ваучер әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларды сауда үстемесіз сатып алуға мүмкіндік береді. Пилоттық жобаны Ақкөл, Көкшетау және Павлодар қалаларында жүргізу жоспарлануда. Оған бес мыңға жуық атаулы әлеуметтік көмек алушы кіреді, – деп атап өтті ҚР сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Үкімет отырысында.

Әлеуметтік маңызы бар тауарларға белгіленетін сауда үстемелерін бақылауды күшейту мақсатында Сауда министрлігіне осы жылдың 1 қазанына дейін Көкшетау және Павлодар қалаларында цифрлық азық-түлік ваучерлерінің пилоттық жобасын іске қосу тапсырылды.