Баянауыл ұлттық паркі жаңа техникамен толықты

Енді орманшылар иелікті күзетіп қана қоймай, рация арқылы өзекті ақпаратты бере алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ұлттық саябақтың бас орманшысы Аждар Жүсіповтің айтуынша, жарақтандыруға республикалық қазынадан қаржы бөлінген.
– Баянауыл ұлттық паркі жаңа техникамен және жабдықтармен толықтырылды. Бұл – қопсытқыштар, соқалар, борон дискілері, МТЗ тракторлары, Mitsubishi L200 патрульдік машиналары, портативті рациялар, – деді Аждар Жүсіпов.
Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі 1985 жылы 12 тамызда құрылған. Бұл – еліміздің аумағында құрылған ең алғашқы ұлттық парк. Жалпы ауданы 68452,8 га құрайды, оның ішінде 19076 га орманмен жабылған.
Мұнда алты айрықша көл бар, олардың үшеуі – Жасыбай, Сабындыкөл, Торайғыр туристер арасында аймақтарында шипажайлардың, демалыс базаларының, балалар лагерьлерінің орналасуына байланысты аса танымал. Сондай-ақ, Баянауыл ұлттық саябағы көптеген тарихи орындарға бай: Кемпіртас, Найзатас және Саймантас жартастары, «Жазылған тастар», әйгілі қазақ жауынгері Жасыбай батырдың қабірі.
Еске сала кетейік, былтыр жаз айында үш өрт сөндіру көлігі, екі беларус тракторы, 25 өрт сөндіретін, 25 химиялық жауынгерлер киімі мен қызметкерлерді тасымалдайтын автобус жеткізілген болатын.