Баянауыл ауданында мәдениет үйінің жөндеу жұмыстарын бақылау күшейтілмек
Бұл мәселе «Miras» кеңесінің кезекті отырысында көтерілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жиында Жол картасын іске асыру, мемлекеттік мәдениет бағдарламасын дамыту және жастар бастамаларын қолдау мәселелері қарастырылды. Отырысқа мемлекеттік органдардың өкілдері, қоғамдық ұйым мүшелері және сарапшылар қатысты.
Негізгі назар «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасының Жол картасындағы 42 және 43-тармақтарына аударылды. Бұл – ауылдық елді мекендердегі мәдениет үйлерін салу мен жөндеуге қатысты мәселелер. Атап айтқанда, Баянауыл ауданының Ақши және Павлодар қаласының іргесіндегі Жетекші ауылдарындағы нысандар талқыланды.
– Ақши ауылында өткен қыста салынған мәдениет үйінің іргетасын көктемде жерасты суы басқан. Отырыс барысында іргетасын нығайту бойынша қосымша жұмыстар жүргізілгені және нысан жылдың соңына дейін пайдалануға берілетіні айтылды. Дегенмен, кеңес мүшелері құрылыстың ұзақ мерзімді тұрақтылығына күмән білдірді. Жобаны аяқтау сапасын бақылауды күшейту ұсынылды, – дейді «AMANAT» партиясы облыстық филиалында.
Басқа елді мекендердегі мәдениет үйлерін жөндеу жоспарға сәйкес кешігусіз жүргізілуде.