Екібастұздықтар Сәтбаев каналын тұрмыстық қалдықтардан тазартты
«Taza Kazakhstan» акциясын «Жастар рухы» мен еріктілер қолдады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«АМАNАТ» партиясы Екібастұз қалалық филиалының жастар қанаты жастар бастамаларын дамыту орталығының волонтерлерімен бірлесіп, Шідерті кентіне ат басын тіреді. Белсенділер партия мүшелерімен бірге Қаныш Сәтбаев атындағы каналдың санитарлық қорғау аймағын тұрмыстық қалдықтардан тазартты.
– Республикалық акция тек қоқыстарды тазалауға ғана бағытталмаған. Оның патриоттық, тәрбиелік мәні зор. Замандастарымызды кез келген қоғамдық тәртіпке «нөлдік төзімділік» қағидаты бойынша тәрбиелеп, олардың бойында қоғамдық мәдениет қалыптастырғымыз келеді. Тыйым салынған жерлерде суға түсуге болмаса да, халық канал жағасында демалуды жалғастыруда. Жағада тасталған тұрмыстық қалдықтар өңір экологиясына орасан зиян келтіруде. Сондай-ақ, тыйым салынған жерде, жабдықталмаған жағажайда немесе су қоймасында шомылу арқылы жерлестеріміз өздерінің және жақындарының өміріне қауіп төндіреді, – дейді партия мүшелері.
. Белсенділер өңір тұрғындарын облыстың дамуына үлес қосуға және «Taza Kazakhstan» республикалық акциясын қолдауға шақырды.