Баянауыл ұлттық табиғи паркінде өртті ерте анықтау жүйесі орнатылады
«Ертіс орманы» резерваты тәжірибесі бойынша тағы екі орман қорында бақылау камералары іске қосылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық ТЖД бастығының м.а. Қайрат Шаймарденов мәлім етті.
– Былтыр өртті ерте анықтау жүйесі «Ертіс орманы» резерватының аумағында орнатылған болатын. Өрт маусымы 8 сәуірде басталды. Сол уақыттан бері камералар жұмыс істеп жатыр. Олар тәулік бойы, сағат және минут сайын түтінді тіркеп тұрады,– деді Қайрат Шаймарденов.
Резерват аумағында іске қосылған 23 бақылау камерасы 360 градусқа бұрылады, сондықтан да олар кең аймақты қамти алады. Камералар орман алқабында шыққан түтін немесе өртті тіркейді. Одан кейін хабарлама ТЖД пультіне түседі де, жақын орналасқан өрт бөлімшелеріне таралады. Жүйенің көмегімен оттың өршіп кетуіне жол берілмей, залалдың алдын алуы үшін жағдай жасалады.
– Биыл өртті ерте анықтау жүйесін әкімдік арқылы Павлодар орманшылығында, ал келесі жылы Баянауыл ұлттық табиғи паркінде орнату жоспарда тұр, – деп атап өтті спикер.
Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының орман және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бөлімінің басшысы Шамиль Елубаевтың сөзінше, «Ертіс орманы» резерватында орын алған өрттердің 60 пайызы өртті ерте анықтау жүйесі арқылы тіркелді.