Павлодарда салт-дәстүрлер фестивалі өтті
Шара барысында ұмыт болған дәстүрлерді оқушылар сахналық көрініс арқылы жаңғыртты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы ҚХА «Аналар кеңесінің» ұйымдастыруымен «Қоғамдық келісім» үйінде «Мәдениетті ана-мәдениетті ұлт» ұлттық жобасы аясында «Ұлттық дәстүр - мақтанышымыз» атты қазақтың ұлттық салт-дәстүрлер фестивалі өтті. Оған қаламыздың жалпы орта білім беретін 5 мектебінен оқушылар мен ұстаздар және ата-аналар қатысты.
Фестиваль барысында ҚХА «Аналар кеңесінің» төрағасы Бақытжамал Максилова «Ауыл» партиясымен және Н.Шафер мұражай-үйімен «Мәдениетті ана-мәдениетті ұлт» жобасы аясында бірігіп жұмыс істеу үшін меморандумға қол қойды. Сонымен қатар, Алғыс айту күні қарсаңында аз қамтылған отбасына «Ауыл» партиясы атынан ақшалай көмек пен қоржын толы сыйлық берілді.
- «Ұлттық дәстүр - мақтанышымыз» фестивалінің мақсаты - ұлтымыздың ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрлерін жаңғыртып, жас ұрпақтың бойына сіңіру десек, бүгінгі іс-шара соның дәлеліндей болды. Ұлттық киім киген фестиваль қатысушылары домбырамен ән айтып, би билеп, түрлі көріністер көрсетті, - делінген хабарламада.
Мәселен, бала алыс сапарға алғаш шыққанда жайылатын ақ дастарханның «Тоқымқағар» дәстүрі екенін бірі білсе, бірі біле бермейді. Осы дәстүрді Павлодар қаласындағы №21 орта мектептің оқушылары кеңінен түсіндіріп, қызықты жеткізе білді. Ал №26 мектеп қатысушылары «Беташар» дәстүрін насихаттаса, №17 мектеп «Сыңсуды», ал Қ.Мақпалеев атындағы білім ошағы «Тұсау кесер» дәстүрлерін көрсету арқылы өз өнерлерін ортаға салды. Сонымен қатар №24 мектеп ел ішінде ұмытыла бастаған «Ерулік» дәстүрі туралы көрінісін сахналады.
Павлодар облысы ҚХА «Аналар кеңесінің» ұйымдастыруымен этносаралық бірлік пен татулықты, қоғамдық келісімді нығайту мақсатында өткізілген шараның мәні де, маңызы да ерекше.
Фото: ҚХА «Аналар кеңесі» ұсынды.