Баянауылда екі ауылдың арасын қосатын жолдың жөнделуі қандай сатыда?

Баянауылда екі ауылдың арасын қосатын жолдың жөнделуі қандай сатыда?
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Былтыр мердігер жасаған сапасыз жұмыстардың салдарынан жол қайтадан ретке келтірілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

2023 жылы Теңдік-Ұзынбұлақ тас жолының 11 шақырымында асфальт төсеу жұмыстары жүргізілген болатын. Баянауыл ауданының әкімі Ардақ Кісентаевтың сөзінше, көктемде жүк көліктері жөнделген учаскеден жүрген кезде бес километр жолдың бұзылғаны анықталған. 

– Қазір мердігер кепілдік жарнасымен өз ақшасына қайтадан жолды жөндеп жатыр. Осы айдың аяғына дейін толықтай аяқтайды деп жоспарлап отырмыз, – деді Ардақ Кісентаев.

Оның айтуынша, биыл басқа мердігер Теңдік-Ұзынбұлақ автожолының 15 шақырымын жөндеді. Асфальтті жолдың басқа жағынан жаңартты. Енді келесі жылы жалпы ұзындығы 41 километрді құрайтын жолдың қалған 15 шақырымы жөнеделеді. Яғни, Ұзынбұлақ ауылына апаратын жол 2025 жылы толықтай жөнделуі тиіс. 

Еске сала кетейік, 2023 жылы облыстық Ұлттық жол активтерінің сапасы орталығының мамандары аталмыш нысанға жеті мәрте барып, жол учаскесінің сапасын тексерген болатын. Сол кезде өрескел кемшіліктер мен ескертулер анықталды. Жолдың кейбір учаскелерінде асфальт ойылып, бұзылған еді.