Ақсу мен Екібастұзда қоғамдық көліктерге сараланған тариф енгізіледі
Электронды төлемнің жолақысы бұрынғыша – 80 теңге болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Екі қалада да мәслихаттармен келісе отырып, әкімдіктердің қаулыларымен қоғамдық көлікте сараланған жол жүру ақысы енгізілген. Екібастұзда диффариф ағымдағы жылдың 7 тамызынан, Ақсуда 1 тамыздан бастап жұмыс істей бастайды.
- Қолма-қол ақша үшін жол жүру ақысы 130 теңге, электронды төлеммен 80 теңге болып қалады. Бекітілген бірыңғай тариф құнының 50 пайызын яғни 40 теңге төлейтін жасы ұлғайған зейнеткерлер үшін банктік аударым арқылы төлеу кезінде ол өзгеріссіз қалады, ал қолма-қол төленген жағдайда 65 теңгені құрайды. Қолма-қол ақшасыз төлем жасаудың бірнеше жолы бар. Оны арнайы көлік картасымен, ұялы телефоннан Avtobys қосымшасы арқылы, сонымен қатар Kaspi QR көмегімен, - деп хабарлады Ақсу және Екібастұз әкімдіктері.
Айта кетелік, Ақсу қаласында Беловка, Ақсу және Черемушки шағын аудандары қала құрамына кіреді, тиісінше елді мекеннің шекарасы Ленин – Ақсу – Көктөбе – Үлкен Ақжар – Курчатов тас жолының 13-ші шақырымынан басталып, 32-ге дейін аяқталады.
Көлік карталары төрт түрлі болады. Олар жеңілдікті, әлеуметтік, мектептік, стандартты. Бұл жағдайда жолаушылар өздерімен растайтын құжаттарды алып жүруі керек.