Баянауылда курорттық демалыс аймағы ашылды
Онда 50-ден астам демалыс үйлері келушілерге жайлы демалыс сыйламақ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Руслан Дәуітбаевтың айтуынша, Жасыбайдағы 53 демалыс үйіне бес мыңға дейін адам сыяды.
- Бүгін бізде Баянауыл курорттық аймағында жазғы маусымның ресми ашылуы өтті, - деп атап өтті ол. – Осы күнге қолданбалы өнер шеберлерінің жұмыстарының көрмесі ұйымдастырылды. Демалушыларға ыңғайлы болу үшін жағажайды абаттандыру жүргізілді. Санитарлық-гигиеналық тораптар, барлық бизнес нысандары дайындалған.
Ұлттық саябақтың сұлулығын және жергілікті демалыс мүмкіндіктерін көрсету үшін Павлодар ғана емес, Қарағанды және Ақмола облыстарының туроператорлары шақырылды.
Баянауыл ауданының қонақтары үшін жаяу және экскурсиялық автобуспен 14 туристік маршрут әзірленді. Онда Қоңыр әулие үңгірі, Кемпір тас, Торайғыр көлі, Жасыбай батыр қабірі, бақсылар шатқалы, ботаникалық соқпақ бар.
Облыс әкімінің орынбасары Серік Батырғожиновтың айтуынша, демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған барлық қызметтер қамтылған. Мәселен, медицина қызметкерлері, өрт сөндірушілер, полиция, құтқарушылар дайын.
- Мұнда сүңгуірлермен бірге құтқарушылар болады. Қажет болған жағдайда енді Екібастұздан немесе Павлодардан көмек күтудің қажеті жоқ, - деп атап өтті Серік Батырғожинов.
Жағажайда волейбол, футбол ойнауға, катамаран, байдарка жалдауға болады. Балаларға арналған ойын алаңдары да дайындалды.