Заманауи жағажайлар, visit-орталығы: Баянауыл туризмінің жаңа келбеті қандай болмақ?

Заманауи жағажайлар, visit-орталығы: Баянауыл туризмінің жаңа келбеті қандай болмақ?
Фото: pixabay \ kordi_vahle

Көркем өңірде туризмді дамытуға миллиардтаған теңге бөлінеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстың көрікті түкпірлерінің бірінде құны 5,4 миллиард теңгені құрайтын жеті ауқымды жоба жүзеге асырылуда. Аудан әкімі Ардақ Кісентаев аймақ басшысы Асайын Байхановтың жұмыс сапары барысында ішкі туризмнің келешегі мен алдағы өзгерістерге тоқталды.

Ардақ Кісентаевтың айтуынша, ауданға туристерді тарту үшін ғана емес, олардың жайлы әрі қауіпсіз демалуын қамтамасыз ететін негізгі нысандар салынуда. Осы жобалардың бірі визит орталығын құру бойынша екі жылдық жоба.

–  Құрылыс басталып кетті, қазу жұмыстары аяқталды. Орталықта тарихи-өлкетану мұражайы, мәжіліс залы және өңірдің тарихы мен табиғи байлығын таныстыруға арналған заманауи цифрлық жабдықтар орналасады. Сондай-ақ, 10 көлік пен автобусқа арналған тұрақ, балалар ойын алаңын қарастырдық. Жобаны келесі жылы аяқтауды жоспарлап отырмыз, – деді аудан әкімі.

Асайын Байханов мұражайдың білім мен мәдени мұраның басты құралы ретіндегі маңыздылығына тоқталды.

–  Облыс тұрғындары мен қонақтары Баянауылдың бай тарихымен танысса екен дейміз. Көпшілік Жасыбай, Біржанкөл, Торайғыр көлдерін ғана білсе, бізде Мұрынтал, Қалмаққырылған сияқты жоңғарлармен шайқастарға байланысты тарихи орындар бар. Бұл туралы жаңа ұрпаққа айтудың маңызы зор, – деді аймақ басшысы.

Сонымен қатар, дәстүрлі түрде негізгі туристік ағынды қабылдайтын Жасыбай көлінің жүктемесін жеңілдету жұмыстары жүргізілуде. Соның бірі Сабындыкөл жағалауын абаттандыру болмақ.

–  Қазірдің өзінде төрт гектардан астам жағалау аймағын игеру басталды. 5 мың шаршы метрге асфальт төсеп, шезлонгтар, құтқару мұнарасын орнату, 1,2 шақырымға ағаш тақтайдан жасалған жаяу жүргіншілер жолын салуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, медициналық пункт пен 80 көлікке арналған тұрақ болады, – деді Ардақ Кісентаев.

Облыс әкімі мұндай шара өңір экологиясын сақтауға және туристер ағынын теңестіруге септігін тигізетінін айтты.

–  Біз демалушыларды біркелкі бөлуге тырысамыз. Болашақта бірден бірнеше бағытты дамыту үшін Торайғыр көлін абаттандыруға кірісеміз. Жасыбай шамадан тыс жүктемелерге төтеп бере алмайды, сондықтан медициналық және полиция бекеттерін, суға түсуге қауіпсіз аймақтарды, тамақтануды және санитарлық жағдайды қамтамасыз ету қажет, – деді Асайын Байханов.

Өткен туристік маусымның қорытындысы бойынша облыс 240 мыңнан астам қонақты қабылдаса, оның 97 пайызы – отандық туристер. Әсіресе, 160 мыңға жуық адам келген Баянауыл өңірі танымал болды. Биыл мұнда 267 мыңға дейін турист келеді деп күтілуде.

Еске салайық, ауданның жол бойында қонақ үйі бар жанармай құю станциясы ашылды. Нысан жанармай құюмен қоса, сауда-саттық нүкте ретінде және алыс жол жүргелі жатқан жолаушыларға арнайы демалыс орындарымен жабдықталған.