Баянауылда «Жас тілші дәмханасы» жобасы жүзеге асырылуда (ВИДЕО)
8 Наурыз мерекесіне орай Лекер жалпы негізгі мектебінде «Жас тілші дәмханасы» айдары ашылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Баянауыл ауданы білім беру бөлімінің басшысы Мереке Абдыкаримовтың айтуынша, бұл жоба барысында кезекпен ардагер ұстаздар, ата-аналар, түрлі саланың мамандары, мектеп түлектері шақырылады. Айына екі рет түсіріледі.
– Түсірілімді жас тілші 5-сынып оқушысы, түрлі аудандық, облыстық байқаулардың жеңімпазы Кәусар Қуан жүргізді. Алғашқы қонақ ретінде ардагер ұстаз Роза Смағұлова қатысқан. – Қазір көктем мезгілі. Ағзаға құрамы түрлі дәрумендерге бай тағамдар керек. Бұл жолы жеміс-жидектерден тұратын көктемгі салат дайындалды. 22 наурыз – Ұлыстың ұлы күні қазақтың ұлттық тағамдарын дайындау жоспарланып отыр, – дейді Мереке Абдыкаримов.
Түсірілім барысында асхана қонағы жас тілшінің түрлі сұрақтарына жауап береді. Өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, жастарға ақыл-кеңес ұсынады.
Лекер қажы ауылының орталығында орналасқан мектептің алғашқы іргетасы 1957 жылы ашылған. 1982 жылы мектеп жаңа ғимаратқа ауыстырылған. 1996 жылы алғаш орта білім аттестатын алған түлектерді қаланған. 2009 жылы «Жол картасы» бағдарламасы аясында мектепке 30 орынды асхана мен жылы әжетхана салынса, 2010 жылы 15 балаға арналған «Бөбек» шағын орталығы бой көтерді. 2018 жылы демеушілер есебінен күрес, жаттықтыру залдары, 2019 жылы «Домбыра» сыныбы және 2022 жылы «Дзюдо» секциясы ашылған.
Қазіргі таңда мұнда 64 оқушы, шағын орталықта 21 бүлдіршін білім алады. Биыл білім ордасына күрделі жөндеу жүргізілген.