Баянауылдық оқушылар кітап кейіпкерлеріне жан бітірді

Баянауылдық оқушылар кітап кейіпкерлеріне жан бітірді
Фото: Баянауыл ауданы білім беру бөлімінен

Ауданда Республикалық «Ұлттық кітап» күніне орай «Кітап кейіпкерлері шеруі» атты танымдық-шығармашылық іс-шара өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясындағы «Шабыт» жобасы шеңберінде ұйымдастырылған ауқымды шараға ауданның 500-ге жуық оқушысы қатысып, өз өнерлерін ортаға салды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – оқушылардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру, көркем әдебиетті насихаттау және олардың шығармашылық қабілеттерін дамыту.

Шара барысында оқушылар қазақ әдебиетінің көрнекті туындылары бойынша сахналық қойылымдар ұсынып, көрерменге ерекше әсер сыйлады. 

–  Атап айтқанда, Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесі мен халық ертегісі «Ертөстік» желісі негізінде кейіпкерлер бейнесі сахнада шебер сомдалды. Қатысушылар Қожаның тентектігі мен адалдығын шынайы жеткізіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Ал «Ертөстік» ертегісіндегі батырлық, достық және тапқырлық қасиеттері көркем түрде көрініс тапты, –  дейді Баянауыл ауданы білім беру бөлімінің әдіскері Мөлдір Дулат.

Әрбір кейіпкердің образы арнайы дайындалған костюмдер мен актерлік шеберлік арқылы нанымды ашылып, әдеби кейіпкерлердің болмысы сахнада қайта жанданды. Шеру барысында оқушылар өздерінің шығармашылық қабілеттерін танытып қана қоймай, кітап кейіпкерлерін терең түсінетіндерін көрсетті.

Айта кету керек, мұндай форматтағы іс-шаралар оқушылардың сөйлеу мәдениетін қалыптастырып, сахналық шеберлігін арттырумен қатар, топпен жұмыс жасау дағдыларын дамытуға да ықпал етеді.

Жалпы, «Кітап кейіпкерлері шеруі» жас ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, ұлттық және рухани құндылықтарды дәріптеуге бағытталған мазмұнды әрі әсерлі шара ретінде ерекшеленді.