Баянауылдың тау бөктерінде «Естай мен Қорлан» телехикаясы түсірілді

Баянауылдың тау бөктерінде «Естай мен Қорлан» телехикаясы түсірілді
Сурет: flomaster.top

Жоба ауқымы жағынан Қазақстанның дүр фильмдерінен кем түспейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Қазақстан» телекорпорациясы екібастұздық көрнекті қазақ ақыны Естай Беркімбаевтың «Құсни Қорлан» әнінің шығу тарихы туралы «Естай мен Қорлан» атты екі сериялы телехикая түсірді. Сериал түсірудің негізгі орны – Баянауыл өңіріндегі Торайғыр көлі, әрі қарай түсірілім ақынның туған жерінде – Екібастұзда және Шарбақты ауданындағы Маралды көлінде жалғасты. Жобаның бас продюсері – Назгүл Қарабалина, сериал режиссері – Нұргелді Садығұлов, сценарийін жазған Сержан Зәкерұлы.

– Бұл Естай мен Қорланның оқиғасын жырлайтын сериал емес, «Құсни Қорлан» әнінің шығуы тарихын көрсететін телехикая. Естай атамызбен Қорлан апамыздың арасында, айтарлықтай оқиға болмаған, бірақ екеуінің бір бірімен танысқан сәтінен, аз уақыттағы бір құштарлықтың арасында дүниеге керемет ән шықты. Қорлан Естай атамызға муза болды деп айтуға да болады. Ол әннің шығуына себепкер болған. «Құсни Қорлан» бүгінгі күнге дейін әртүрлі интерпритацияда өмір сүріп жатқан ән, – дейді продюсер Назгүл Қарабалина.

Түсірілім үшін тауып алуға қиын соққан антикварлық реквизиттер пайдаланылды. Ерекше реквизит – мұражайдағы жүз жылдан асқан Естайдың қара домбырасы. Ал түсірілім кезіндегі техникалық ерекшеліктеріне келсек, телехикая сериал түсіруге арналған камераға емес, кәсіби кинокамераға түсірілген болатын.

Сол кездегі қазақтың тұрмыс-тіршілігін айнымай жеткізу үшін киімдердің 80 пайызын ине-жіптен шыққандай жаңадан тігу керек болған. Бұл жұмыс костюмерлердің үш айдан астам уақытын алды.

Әр ұлы тұлғаның тарихы ерекше, сондықтан біз осы адамдар туралы фильмдер түсіреміз, олар туралы айтамыз. Тарихи фильмдер көрермендерді еліміздің дамуына үлкен үлес қосқан адамдармен таныстырады, – деді продюсер.

Сондай-ақ, Саят Мерекенов, Болат Ұзақов, Қуаныш Бекайдаров, Айдар Наурызбаев – сериалдың эпизодтарына түскен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, аға актерлердің негізгі құрамы. Назгүл Қарабалинаның айтуынша, сериалға түсуге үміткерлер көп болғанымен, актерлерді телеарна өзі таңдаған.

Түсірілім процесі 30 маусымда басталды. Телехикая күздің соңында шығады деп болжануда, өйткені пост-продакшн, яғни монтаждау көп уақытқа созылады.