Биыл Май ауданында он жеті көше жөнделді
Аудан тұрғындарын толғандыратын басты мәселелердің бірі –жолдар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
– Биыл елді мекендердің көшелері мен жолдарын жөндеуге 1,3 миллиард теңге бөлінді. Осы жылы аудандағы ауылдардың 17 көшесі жөнделді. Бұл – Көктөбе, Малайсары, Майтүбек, Кеңтүбек, Ақжар ауылдары. Келесі жылы Май, Абай, Қызылеңбек ауылдарының кіреберіс жолдарын асфальттау бюджетке қарастырылған, – деп атап өтті Асайын Байханов Май ауданының тұрғындармен өткен кездесуде.
Бұдан бөлек соңғы үш жылда ауданда алты мектеп жөнделген. Жалтыр, Май, Малайсары мектептерін 50 жылда алғаш рет күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал Малайсары, Көктөбе, Баскөл ауылдарына төрт жаңа мектеп автобусы алынды.
Асайын Байханов тозығы жеткен аудандық аурухананың жағдайын да атап өтті.
– Май аудандық аурухананың тозуы 87 пайызға тақады. Мен бұл ауруханаға көктемде келіп кеткен болғанмын. Сол жерде керекті мемлекеттік сараптама жасадық. Оған сәйкес аурухананың дренаж жүйесін қайта құру бойынша құны 600 млн теңге болатын ЖСҚ әзірленді. Қаражат 2024 жылғы бюджетте қарастырылған, – деді ол.
Аймақ басшысы бұл жобаның сапалы орындалуын аудан әкімдігіне жүктеді.