Биыл Павлодар облысы жолдарында жеті адам көз жұмған
Өңірде «Жолдағы қабылдау» акциясы өткізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шараны «Қазавтожол» АҚ ҰК мен «КАЖсервис» Павлодар филиалдары аумақтық полиция департаменті мен көліктік бақылау инспекциясы, көліктік прокуратура, жол активтерінің ұлттық сапа орталығы Павлодар филиалымен бірлесіп ұйымдастырды.
Бұл бастама жолдардағы қауіпсіздікті арттыруға, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға, халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарындағы апатты азайтуға бағытталған.
Автожолдардағы қозғалыс қауіпсіздігі жолдың сапасына ғана байланысты емес. Жүргізушілердің сауаттылығы, олардың жол қозғалысы ережелерін, жылдамдық режимін сақтауы жолдағы қауіпсіздіктің кепілі болып табылады және маңызды рөл атқарады.
– Мұндай акцияны өткізуді біз пайдалы әрі қажетті деп санаймыз. Біз үшін жүргізушілердің назарын жол қозғалысы ережелерін сақтауға және рульде барынша қырағылық танытуға аудару маңызды, – деді «Қазавтожол» АҚ ҰК ПОФ директорының орынбасары Алексей Логвиненко.
Акция өткізілетін жерде жүргізушілер жол қозғалысына қатысты өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды. Көшпелі қабылдауға барлық жол ведомстволарының өкілдері қатысты. Олар жүргізушілердің сұрақтарына жауап беріп, жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтау бойынша түсініктеме берді.
Көлік жүргізушілеріне қауіпсіздік туралы пайдалы ақпаратты қамтитын ақпараттық парақшалар таратылды.
Жол полициясының мәліметінше, 2024 жылдың 5 айында Павлодар облысының республикалық маңызы бар автожолдарында 31 ЖКО тіркелді, салдарынан жеті адам қаза тауып, 41 адам түрлі жарақаттар алды.
«Жолдағы қабылдау» республикалық акциясы дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіледі.