Биыл Павлодар облысында жол-көлік оқиғаларында бес жүзге жуық адам зардап шеккен
Полиция департаменті 2023 жылғы тоғыз айдың қорытындысын шығарды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ведомство баспасөз қызметінің мәліметінше, қабылданған ұйымдастырушылық-практикалық шаралармен қылмыстық құқық бұзушылықтарды жалпы тіркеу 342 фактіге немесе 8%-ға төмендеді.
– Аса ауыр және ауыр қылмыстардың 169 фактіге немесе 14%-ға төмендегені байқалады. Кісі өлтіру, тонау, ауыр дене жарақаты, алаяқтық, интернет-алаяқтық, ұрлық, көлік құралдарын ұрлау, мал ұрлау фактілері де азайды, – деді Павлодар облысы полиция департаментінің бастығы Василий Скляр.
Ведомство басшысының айтуынша, кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 10%-ға және отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында 9%-ға төмендеген. Денсаулыққа ауыр зиян келтірудің, зорлаудың, тонаудың, бопсалаудың, ұрлаудың, автокөлік пен қалта ұрлығының жүз пайыздық ашылуына қол жеткізілген.
– Жедел бөлімшелер 162 есірткі құқық бұзушылықтың жолын кесті, заңсыз айналымнан 422 келіден астам есірткі, оның ішінде бес келіге жуық синтетикалық есірткі тәркіленді, – деді Скляр.
Жол-көлік оқиғаларының саны 24%-ға немесе 107 фактіге азайды, салдарынан 424 адам зардап шекті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 36%-ға төмен. Өкінішке орай, 29 адам қайтыс болған.