Павлодар облысында мерзімінен артық қалған көрші елдің азаматы ұсталды

Павлодар облысында мерзімінен артық қалған көрші елдің азаматы ұсталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірде «Заңсыз келуші-2025» Республикалық жедел-алдын алу іс-шарасының екінші кезеңі басталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, іс-шараның бірінші күні өңір полицейлері Қазақстан Республикасының аумағында болу ережелерін бұзғаны үшін 57 шетелдік азаматты анықтап, жауапкершілікке тартты.

– Мысал ретінде, Павлодар облысының Ертіс ауылында көрші мемлекеттің бір азаматы ұсталды. Ол Қазақстанға жеке визамен келгенімен, Заңда белгіленген мерзімде Республика аумағынан шықпаған. Аталған шетелдікке қатысты көші-қон саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік материалдар жасалды, – делінген хабарламада.

«Заңсыз келуші-2025» жедел-профилактикалық іс-шарасы ағымдағы жылдың 17 қазанына дейін жалғасады.

Полиция департаменті өңір тұрғындары мен қонақтарын көші-қон заңнамасын қатаң сақтауға шақырады.