Биыл Железин ауданында майлы дақылдарға басымдылық берілді

2025 жылы аудандағы егістік көлемі 208,8 мың гектарды құрады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz. тілшісі.
Павлодар облысының әкімі жұмыс сапарымен Железин ауданында болды. Железин ауданының әкімі Айтуған Шайхимовтың айтуынша, өнімді әртараптандыру мақсатында биыл дәнді дақылдар көлемі 10 пайызға қысқарып, есесіне майлы дақылдар 20 мың гектарға көбейген. Көкөніс алқаптарының аумағы өзгермегенімен, олардың шығымдылығы былтырғыдан 1,5 есеге жоғарылап отыр.
– Қазіргі таңда гектарынан 410 центнер көкөніс алынуда. Өнім сапасы жақсы, ешқандай аурулар анықталған жоқ. Жалпы өнімділік 30-40 пайызға өсті, – деді аудан әкімі.
Оның айтуынша, бүгінде егістік жерлердің 71 пайызы жиналды. Орташа өнімділік гектарына 18 центнерді құрап отыр. Бұл – өткен жылғы көрсеткіштен 1,5 есе жоғары. Қазіргі уақытқа дейін 138 мың тонна астық бастырылып, жыл соңына дейін 160-170 мың тоннаға жетеді деп күтілуде. Егін орағына 261 комбайн жұмылдырылған, олардың алтауы биыл жаңадан алынған.
– Сондай-ақ биыл ауданда төрт жаңа механикаландырылған қырман мен астық кептіру орындары салынды. Барлығы газбен жұмыс істейтін 14 кептіргіш іске қосылған, – дейді Айтуған Шайхимов.
Мемлекеттік қолдау аясында диқандарға 4,9 миллиард теңгенің 55 несиесі беріліп, 4 244 тонна арзандатылған жанар-жағармай бөлінген. Әкімнің айтуынша, қажетті көлем толық жеткізіліп, шаруалар тарапынан жанар-жағармай тапшылығы жоқ.
Сонымен қатар, шаруа қожалығы да өнімді арттыруда. «Баужанов» шаруа қожалығының басшысы Евгений Баужанов биыл бес мың гектар егістікке дән сепкен. Оның ішінде 1500 гектарға майлы, 1500 гектарға дәнді дақылдар, қалған аумаққа аралас дақылдар егілген.
– Майлы дақылдардың шығымдылығы шамамен гектарына 20 центнер болады деп күтілуде. Қазірдің өзінде бидайдың 70 пайызы жиналды. Егер ауа райы қолайлы болса, бір апта ішінде толық аяқтап, күнбағыс жинауға кірісеміз, – деді ол.
Шаруашылық техникасын толық жаңартып, биыл арнайы тоғыз метрлік тіркемелер сатып алған. Келесі жылы тағы 2 мың гектар жерді парға қалдырып, жаңа алқаптарды айналымға енгізу жоспарлануда.
– Өнім мол болғанымен, ең бастысы – бағаның төмендеп кетпеуі. Кейде шығымдылық жоғары болса да, нарықтағы баға арзандап кететін кездер болады, – дейді Евгений Баужанов.
Сондай-ақ өз қаражаттарына сыйымдылығы 10 мың тонна болатын жаңа қойма салынды.