БҰҰ мен кәсіподақтар Павлодар облысындағы жұмысшылардың болашағын талқылады
БҰҰ өкілі Павлодар кәсіподақтарымен еңбек құқықтарын қорғау және әлеуметтік әділеттілік мәселелерін талқылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы кәсіподақтарының аумақтық бірлестігі ййлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысында еңбек қауіпсіздігі, қызметкерлерді әлеуметтік қорғау және кадрларды технологиялық өзгерістерге даярлау мәселелері талқыланды. Жиынға БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Раднарагча Саранго мен Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Гүлнара Жұмагелдиева қатысты.
Отырысты ашқан Павлодар облысы кәсіподақтарының аумақтық бірлестігінің басшысы Динара Айтжанова еліміздің ірі өнеркәсіптік өңірлерінің бірі үшін еңбек заңнамасының сақталуы, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және әлеуметтік әріптестікті дамыту айрықша маңызды екенін атап өтті.

Оның айтуынша, бүгінде Павлодар облысында жұмыс істейтін әрбір үшінші тұрғын кәсіподақ мүшесі болып саналады. Өңірдегі кәсіподақ қозғалысы 1223 кәсіпорын мен ұйымның қызметкерлерін біріктіреді.
- Кәсіподақтар — азаматтық қоғамның ең ірі институттарының бірі. Адамдар өз құқықтарын ұжым болып қорғау үшін бірігеді. Біз жұмыс берушілермен бірлесіп, қызметкерлерге қосымша әлеуметтік кепілдіктер беруге қол жеткізіп, тиімді ұжымдық шарттар жасасып келеміз. Жұмыскерлер осы қызметтің нақты нәтижесін көріп отыр, — деді Динара Айтжанова.
Ол еңбек дауларының алдын алу мен кәсіпорындардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуде келісу комиссиялары мен қоғамдық техникалық инспекторлардың рөліне де тоқталды.
Өз кезегінде БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Раднарагча Саранго ынтымақтастықтың үш басым бағытын атады. Олар — жұмыскерлердің денсаулығы мен қауіпсіздігін қорғау, әлеуметтік диалогты нығайту және азаматтарды экономикалық әрі технологиялық өзгерістерге даярлау.
Оның пікірінше, ірі өнеркәсіптік және энергетикалық кәсіпорындар шоғырланған Павлодар облысы үшін бұл мәселелердің маңызы ерекше.
- БҰҰ үшін лайықты еңбек — адамның жай ғана жұмыс орнының болуы емес. Бұл — қауіпсіз, қорғалған, әділ ақы төленетін, адамның дамуына және өзіне қатысты шешімдерді қабылдауға қатысуына мүмкіндік беретін жұмыс, — деді Раднарагча Саранго.
БҰҰ өкілі өнеркәсіпті жаңғырту, цифрландыру және энергетикалық ауысу жұмыскерлердің кәсіби дағдыларына қойылатын талаптарды өзгертетінін атап өтті. Сондықтан кадрларды қайта даярлау ісін алдын ала ұйымдастырып, жастарға, әйелдерге, мүгедектігі бар адамдарға және ірі қалалардан тыс елді мекендердің тұрғындарына ерекше назар аудару қажет.

Жиында кәсіподақ қызметін цифрландырудың нақты тәжірибесі де таныстырылды. Атап айтқанда, облыстық білім саласы кәсіподағының өкілдері өздерінің мобильді қосымшасын дамыту жұмыстары туралы баяндады. Бүгінде аталған сервисті пайдаланушылар саны 19 мыңнан асқан. Қосымша арқылы кәсіподақ мүшелері өзекті ақпаратты, соның ішінде еңбек заңнамасындағы өзгерістер туралы мәліметтерді ала алады.
Сонымен қатар ұйым Telegram-боттың жаңа нұсқаларын және жасанды интеллект негізінде жұмыскерлердің сұрақтарына жауап бере алатын сайтты әзірлеп жатыр. Осылайша кәсіподақтар кеңес беру қызметінің тәулік бойы қолжетімді болуын көздейді.
Талқылау қорытындысында қатысушылар лайықты еңбек пен әлеуметтік әділеттілік қағидаттарын ілгерілету үшін кәсіподақтар, жұмыс берушілер, мемлекеттік органдар және халықаралық ұйымдар арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі дамыту қажеттігін атап өтті.
Жиын аясында кәсіподақ қызметі бойынша тәжірибе алмасу ұйымдастырылып, Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар күніне орай марапаттау рәсімі өтті.