Павлодарда мемлекеттік қызметшілердің жалақысы индекстеліп, демалыс күндері көбейеді
Қазақстанда 2026 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік қызмет туралы заңның жаңа редакциясы күшіне енеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Құжат мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттыруға, кәсібилікті күшейтуге және кадрлық процестерді цифрландыруға бағытталған.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаментінің сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының басшысы Ерғанат Абисаликовтың айтуынша, заңдағы маңызды жаңашылдықтардың бірі – мемлекеттік қызметшілердің жалақысын әр үш жыл сайын индекстеу нормасының енгізілуі. Бұл тетік 2029 жылдан бастап іске қосылады.
– Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілер үшін бір лауазым шеңберінде көлденең мансаптық өсу мүмкіндігі қарастырылған. Яғни кәсіби біліктілігі мен еңбек өтілі жоғары мамандар басшылық қызметке ауыспай-ақ жалақысын арттыра алады, – деді ол.
Жаңа заң әлеуметтік кепілдіктерді де кеңейтеді. Атап айтқанда, 25 жыл мемлекеттік қызмет атқарған және мінсіз беделі бар азаматтарға «Мемлекеттік қызмет ардагері» атағы беріледі. Зейнетке шыққан кезде оларға төрт лауазымдық жалақы көлемінде төлем төлеу көзделген.
Бұдан бөлек, еңбек өтіліне байланысты қосымша ақылы демалыс күндері енгізіледі. Мемлекеттік қызметте 10 жыл еңбек еткендерге – үш күн, 15 жыл қызмет атқарғандарға – бес күн, ал 20 жылдан астам еңбек өтілі барларға 10 күн қосымша демалыс беріледі.
Заңда мереке және демалыс күндері атқарылған жұмыс үшін төленетін үстемеақыны арттыру мәселесі де қарастырылған. Мұндай жағдайда төлем мөлшері 1,5 есеге дейін өседі.
Мамандардың пікірінше, жаңа өзгерістер мемлекеттік қызметтің беделін көтеріп, тәжірибелі кадрларды салада ұстап қалуға мүмкіндік береді.