Чипсы өндіру, сүт өңдеу зауыты: Павлодар облысында қандай жобалар жүзеге асырылады?
Аймақ басшысы Асайын Байханов инвестициялық штабтың кезекті отырысын өткізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, жиын барысында агроөнеркәсіптік кешеннің инвестициялық жобаларын талқылады. Ауыл шаруашылығы саласындағы өңірдің инвестициялық тартымдылығы айтарлықтай өсті. 122,1 миллиард теңгені құрайтын 56 инвестициялық жобадан тұратын пул қалыптастырылды.
Штаб инвестиция көлемі 1,7 триллион теңге болатын биылғы жылдың 30 жобасын қарастырды. Оларды іске асыру нәтижесінде 1,5 мың жаңа жұмыс орны ашылады.
Осы жылдың соңына дейін 4,6 мың басқа арналған бес тауарлы сүт фермасы іске қосылады және қуаттылығы бір ауысымда сегіз тонна болатын «Буренка» ЖШС сүт өңдеу зауыты жұмысын бастайды. Сондай-ақ, «Ақтоғай Агро» ЖШС фирмасы Ақсу қаласында чипсы өндіруді жоспарлауда.
Қазіргі уақытта 8,7 мың гектар алқапта суармалы жерлерді енгізу бойынша бірнеше инвестициялық жобаны іске асыру, тоғыз көкөніс қоймасын салу және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бойынша төрт жоба жүзеге асырылуда. «Қызылжар Құс» құс фабрикасының жұмысын жандандыру бойынша әлеуетті инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде. Аймақ басшысы ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге басымдық берді. Жобалар пулына қант және крахмал зауыттары қосылды.
Штаб отырысында энергия көздерінің, жердің, ресурстардың тапшылығы жөніндегі әрбір жобаның түйінді мәселелері қаралды. Облыс әкімі инвестициялық жобаларды өзектендіруді, кейінге қалдырылған инвестицияларға тексеру жүргізуді тапсырды.
– Сіздердің міндеттеріңіз – объективті жағдайды көру және барынша экономикалық тиімділікпен инвестициялық жобаларға қолайлы жағдай жасау бойынша шаралар қабылдау, – деді облыс әкімі.
Ауыл шаруашылығы басқармасы мен аудан әкімдіктеріне инвестициялық жобаларды іске асыруға белсенді түрде кірісу, инвесторлармен тұрақты негізде кездесулер өткізу тапсырылды.