Депутат жаңарған Конституция жобасын референдумға шығаруға ұсынды

Депутат жаңарған Конституция жобасын референдумға шығаруға ұсынды
Фото: Константин Шелков

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстан Халық партиясы фракциясының жетекшісі Магеррам Магеррамов Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның 12-ші отырысында партияның жаңа Конституция жобасын толық қолдайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Оның айтуынша, құжатта алғаш рет мемлекеттік дамудың іргелі бағдары ретінде «Әділетті Қазақстан» құндылығы айқын көрсетілген.

Депутат жаңа жобада әлеуметтік әділеттілік, заң мен тәртіп қағидаты, тең мүмкіндіктер мен азаматтардың кепілдендірілген құқықтары негізгі басымдық ретінде бекітілгенін атап өтті. Сонымен қатар, Преамбулада этносаралық және конфессияаралық келісімге ерекше мән берілген. Магеррамов еңбек ету құқығы туралы норманы да маңызды жетістіктердің бірі ретінде атады.

Институционалдық өзгерістерге тоқталған ол мемлекеттік биліктің жаңа құрылымы, бірпалаталы Парламент құру және «Халық кеңесі» атты жоғары консультативтік орган қалыптастыру бастамалары елдің басқару моделін жаңартуға бағытталғанын айтты. Оның пікірінше, бұл өзгерістер мемлекеттің азаматтарға қызмет ету қағидатын күшейтеді.

Магеррам Магеррамовтың сөзінше, жаңа Конституция жобасы өңірлерде, қоғамдық ұйымдар мен еңбек ұжымдары арасында кеңінен талқыланып, қолдау тапқан. Осыны ескере отырып, Қазақстан Халық партиясы құжатты жалпыхалықтық референдумға шығаруды ұсынды.