Депутаттар Павлодарда аурухана жөндеуін созған мердігерді қорқытты

Депутаттар Павлодарда аурухана жөндеуін созған мердігерді қорқытты
Фото: автор

Бірінші қалалық аурухананы жөндеуді аяқтау мерзімі үнемі кейінге шегеріліп келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл жолы проблемалық құрылыс алаңына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұргүл Тау келді. Жөндеу жұмыстары 2022 жылы басталды, содан бері аяқталу мерзімі бірнеше рет кейінге шегерілді. Ең соңғы мерзім 2025 жылдың мамырына белгіленді - жұмыстар әлі жалғасуда.

Павлодар облысы құрылыс басқармасының басшысы Асқар Әжмұраттың айтуынша, жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын, гибридті операциялық бөлмелерді жабдықтау ғана қалды.

- Барлық жабдықтар келді, біз оған орын дайындауымыз керек - құрылғылар өте үлкен және күрделі. Қалған жұмыстар жалпы аяқталды, – деді облыстың бас құрылысшысы.

Мәжiлiс депутатының көкейінде осындай маңызды әлеуметтiк нысанды жөндеу жұмыстарының не себепті соншалық созылды деген орынды сұрақ туындады. «Bazis Construction» ЖШС мердігер компаниясының өкілі Эльдар Әбдірагимов республикалық бюджеттен қаржыландырудың кешіктіріліп жатқанын айтады. Жобаның жалпы құны 12,6 миллиард теңге болса, оның 3,5 миллиарды биыл төленуі тиіс болатын. Асқар Әжмұраттың айтуынша, мердігер қазірдің өзінде 2,8 миллиард алған, жұмысты ағымдағы жылдың желтоқсан айында аяқтау жоспарлануда.

- Мен не болып жатқанын түсінбеймін, - деп ашуланды Нұргүл Тау. - Ақша болмаса, басқаша болар еді, бірақ ақша бар болып тұр ғой. Халық күтіп отыр, реконструкцияны бұлай кешіктіруге болмайды.

Оның әріптесі әрі партияласы, облыстық мәслихат депутаты, «Respublica» партиясы облыстық филиалының төрағасы Махамбет Амангелді бұл мәселені түбегейлі шешудің кезі келгенін білдіртті.

- Бұл соңғы мерзім болсын. Осы мерзімге дейін жұмысты аяқтамасаңыздар, ең жоғары деңгейде проблемаларыңыз болады. Жұмыс бірнеше рет кейінге қалдырылды, - деп қорқытты.

Кездесу соңында бірінші қалалық аурухананың директоры Нұрлан Жұмажанов халық қалаулыларын емдеу мекемесін одан әрі жаңғырту жоспарларымен таныстырды. «А», «Б» және «В» блоктарын жөндеу жобасы шамамен алты миллиард теңгені құрайды. Жоспар Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан қолдау тапты.