Джиу-джитсудан Азия чемпионы Павлодарда әскери ант қабылдады
Павлодардағы Ұлттық ұланның 6679 әскери бөлімінде 150-ден астам жас сарбаз Отан алдындағы борышын өтеуге салтанатты түрде ант берді. Олардың қатарында джиу-джитсудан Азия чемпионы Бақтыбек Тұржанов та бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімде өткен рәсімге бөлім басшылығы мен ардагерлері, сарбаздардың ата-аналары, құқық қорғау органдарының өкілдері және қала тұрғындары қатысты.
Еліміздің әр өңірінен келген жас сарбаздар алдағы бір жылда Павлодар қаласындағы түзеу мекемелерін күзету бойынша жауынгерлік қызмет атқарады.
Әскери ант қабылдағандардың бірі – Астана қаласының тумасы Бақтыбек Тұржанов. Ол әскерге дейін спортта бірқатар жетістікке жеткен. 2018 жылы Талдықорғанда өткен жасөспірімдер арасындағы ашық чемпионатта 61 келі салмақ дәрежесінде Қазақстан чемпионы атанған. Ал 2019 жылы Астанада ұйымдастырылған 18 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Азия чемпионатында жеңіске жеткен.
– Нағыз ер азамат – өзіне жауапкершілік алып, отбасын қорғай алатын адам. Отбасын қорғай алған жан Отанын да қорғай алады. Сондықтан Ұлттық ұлан сапында әскери ант қабылдау – мен үшін үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік, – дейді қатардағы жауынгер Бақтыбек Тұржанов.
Сарбаздар да өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып, Отан қорғаушы деген қастерлі атаққа лайық болуға дайын екендерін жеткізді.
Айта кетейік, 2026 жылдың қыркүйегінде Абай, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарынан әскерге шақырылған жас сарбаздар осы уақыт аралығында жауынгерлік қызметтің қыр-сырын меңгеріп, әскери жарғыларды үйренген.