Еңбек қауіпсіздігі – басты назарда: Павлодарда алдын алу шаралары күшейтілуде

Еңбек қауіпсіздігі – басты назарда: Павлодарда алдын алу шаралары күшейтілуде
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосурет

Кәсіпорындардағы еңбек қауіпсіздігін арттыру және өндірістік жарақаттардың алдын алу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазақстан Республикасы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбек инспекциясы комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті денсаулық сақтау ұйымдарымен бірлесіп, еңбек қызметі барысында орын алған жарақаттардың  алдын алу бойынша тұрақты жұмыс жүргізіп келеді.

Департамент басшысы Асқар Қапановтың айтуынша, өңірде еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау саласында бірқатар маңызды бастамалар іске асырылуда.

– Денсаулық сақтау ұйымдарымен бірлесіп еңбек қызметі кезінде болған жарақаттар мен кәсіптік аурулардың алдын алу және оларды талдау бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Сонымен қатар, еңбек қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған маңызды іс-шаралар қолға алынуда, – деді Асқар Қапанов.

Өңірдегі ірі және орта кәсіпорындардың бас техникалық басшылары мен еңбек қауіпсіздігі қызметтерінің жетекшілері үшін «Казэнергокабель», «Қазақстан алюминийі», «Қазақстан электролиз зауыты», «Каустик» акционерлік қоғамдары, «Богатырь Көмір», «Павлодар мұнай-химия зауыты», «KAZ Minerals Bozshakol» және «ERG Service» жауапкершілігі шектеулі серіктестерінің филиалдары – «Павлодар машина жасау зауыты» базасында тұрақты түрде дөңгелек үстелдер мен тәжірибе алмасу аясындағы кездесулер өткізіледі. Бұл алаңдарда еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етудің тиімді тәсілдері талқыланып, үздік тәжірибелер ұсынылады әрі жаңа нормативтік құқықтық актілер түсіндіріледі.

Өндірістік жарақаттардың себептерін зерделеу мақсатында мемлекеттік еңбек инспекциясының ресми ғаламтор-ресурсында жазатайым оқиғалардың мән-жайы мен себептері туралы мәліметтер тұрақты жарияланып тұрады. Мұндай ақпарат өзге ұйымдарда да осындай жағдайлардың алдын алу шараларын күшейтуге мүмкіндік береді.

Еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтау бағытындағы жұмыстар шағын бизнес субъектілерін де қамтыған. Соның нәтижесінде көптеген кәсіпкерлік нысандарында еңбек қауіпсіздігіне қатысты құжаттар заңнама талаптарына сәйкестендіріліп, жұмыс орындарындағы қауіпсіздік деңгейі жақсарған.

Сонымен қатар, еңбек қатынастары мен еңбек қауіпсіздігі мәселелері өңірлік үшжақты комиссиялардың отырыстарында тұрақты қаралады. Биыл облыстық үшжақты комиссияның бір отырысында Ақсу ферроқорытпа зауыты – «Трансұлттық компаниясы «Қазхром» акционерлік қоғамының филиалы мен «Богатырь Көмір» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде өндірістік жарақат алудың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар қаралды. Бұдан бөлек, қалалар мен аудандар да осы мәселеге арналған тағы 28 отырыс ұйымдастырылды.