Егістіктен сөреге дейін: цифрландыру Қазақстанның ауыл шаруашылығын қалай өзгертеді
2028 жылдың соңына дейін агроөнеркәсіптік кешеннің салалық ақпараттық жүйелерін бірыңғай цифрлық платформаға біріктіру жоспарланып отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Цифрлық технологиялар бүгінде Қазақстанның ауыл шаруашылығындағы негізгі процестердің басым бөлігін қамтып келеді. Қазірдің өзінде шаруалар субсидияларды электронды түрде рәсімдеп, фитосанитариялық және ветеринариялық сертификаттар ала алады. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы жерлерінің пайдаланылуын, өнім қозғалысын бақылап, мал есебін жүргізуге мүмкіндік бар.
Мемлекеттік субсидиялаудың цифрлық жүйесі ауыл шаруашылығы саласындағы 20 бағыт бойынша қолдау шараларын электронды түрде алуға мүмкіндік береді. Оның ішінде өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы және қайта өңдеу салалары бар. Жүйе Бірыңғай мемлекеттік кадастрлар жүйесі, электронды шот-фактуралар және ауыл шаруашылығы техникасын тіркеу жүйесі секілді басқа да мемлекеттік ақпараттық ресурстармен интеграцияланған. Субсидия көлемі ұсынылған құжаттар негізінде автоматты түрде есептеледі.
Цифрландырудың тағы бір маңызды бағыты – ауыл шаруашылығы жерлерінің пайдаланылуын бақылау. Осы мақсатта 2023 жылы іске қосылған JerInSpectr платформасы қолданылады. Жерді қашықтан зондтау деректері арқылы жүйе жер учаскелерінің нысаналы мақсатына сай пайдаланылып жатқанын анықтауға мүмкіндік береді.
Қазір платформа «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ-мен бірлесіп жаңғыртылып жатыр. Жүйеге жасанды интеллект технологияларын енгізу жоспарланған. Бұл деректерді тереңірек талдауға, соның ішінде ауыл шаруашылығы жерлерінің сапалық жағдайын бағалауға мүмкіндік береді. Автоматтандыру шешім қабылдау кезінде адам факторын азайтуға да ықпал етуі тиіс.
Цифрлық шешімдер ауыл шаруашылығы өнімдерін бақылау саласына да енгізілуде. E-Fish жүйесі балық өнімдерінің су айдынынан бастап соңғы тұтынушыға дейінгі қозғалысын қадағалауға мүмкіндік береді. Жүйеде 1221 субъект тіркелген. Оның аясында кәсіпшілік нысандары мен балық өсіру шаруашылықтарының есебі жүргізіледі. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, ашықтықтың артуы өткен жылдың қорытындысы бойынша балық өнімдерінің көлеңкелі айналымын 7 пайызға қысқартуға мүмкіндік берген.
Мал шаруашылығында ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендірудің ақпараттық жүйесі жұмыс істейді. Әр жануарға бірегей нөмір беріледі, ал жүйеде зертханалық зерттеулер мен ветеринариялық шаралар туралы мәліметтер тіркеледі. Осының арқасында жануардың туған сәтінен бастап сойылып, одан кейін өнімінің сатылуына дейінгі тарихын қадағалауға болады. Жүйе арқылы тірі мал мен еттің экспортқа шығарылуы да бақыланады.
Қазір жүйе бизнес өкілдері мен пайдаланушылардың ұсыныстарын ескере отырып жаңғыртылуда. Атап айтқанда, сауда және қоғамдық тамақтану нысандарын, мектептер мен басқа да ұйымдарды жүйеге қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар тағы төрт цифрлық сервисті іске қосу жоспарланған.
Келесі кезеңде бір-бірінен бөлек жұмыс істейтін ақпараттық ресурстарды біріктіру көзделіп отыр. Осы мақсатта салалық деректер қоймасы мен агроөнеркәсіптік кешенді цифрлық трансформациялау архитектурасы құрылуда. Ал алғашқы сервистер QazTech платформасында әзірленіп жатыр.
Бұл жұмыстың стратегиялық мақсаты – Digital Agro Platform бірыңғай экожүйесін қалыптастыру. Ол салалық жүйелерді, жер ресурстарының цифрлық картасын және Smart Data Agro деректерін біріктіруі тиіс. Бірыңғай платформа жасанды интеллект пен заманауи талдау құралдарын кеңінен қолдануға, сондай-ақ фермерлердің әкімшілік жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді деп күтілуде.
Цифрлық трансформацияның тағы бір элементі – ауыл шаруашылығы министрлігі мен Halyk Bank-тің бірлескен Halyk Farmer жобасы. Ол мал басының есебі, мәмілелер және салалық аналитика туралы ақпаратты бірыңғай цифрлық ортада біріктіруді көздейді.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Таласбек Қанафиннің айтуынша, цифрландырудың негізгі міндеттері – деректердің сапасы мен процестердің ашықтығын арттыру.
– АӨК-ті цифрлық трансформациялау – ең алдымен деректердің сапасы мен сенім мәселесі. Halyk Bank-пен бірлескен жоба мал басының есебін, мәмілелерді және салалық аналитиканы бірыңғай цифрлық контурда біріктіріп, саланың сенімді деректер қоймасын құруға мүмкіндік береді. Бұл ауыл шаруашылығын басқарудың тиімділігін арттырып, қазақстандық фермерлер үшін жаңа мүмкіндіктер ашады, – деді Таласбек Канафин.
Алдағы уақытта бірыңғай деректер инфрақұрылымы мемлекеттік процестерді жетілдіруге, салалық талдау жүргізуге және ауыл шаруашылығы өндірушілеріне арналған жаңа цифрлық сервистерді іске қосуға негіз болуы тиіс.