Екібастұз қаласындағы қоғамдық көліктер тағы да жаңа автобустармен толығады
Жақын арада шаһарға қосымша 10 автобус жеткізілмек, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы кеншілер шаһарының әкімі Аян Бейсекин өзінің Instagram парақшасында мәлімдеді.
- Ақпан айының соңында 9 және 7 бағыттар бойынша жүретін автобустар жаңартылып, жайлы 10 автобуспен толықтырылды. Әрине, қаламызда қоғамдық көліктерді жаңартатын автобустар тек бұл бағыттарда ғана емес. Жақын арада тағы 10 автобус жеткізіледі, - деді қала әкімі.
Аян Бейсекин автобустары жаңартылған екі бағытта қозғалыс аралығы 11 минутқа дейін қысқарғанын тек, теміржол вокзалының аялдамасында күту уақыты 12 минутты құрайтынын айтты. Осыған орай, тасымалдаушыға кестені сақтамауға қатысты ескерту жасалған.
- Жалпы, жаңа автобуспен жүріп көрдім. Ол бұрынғыға қарағанда әлдеқайда тыныш, ыңғайлы әрі жайлы деп айта аламын. Жолаушылар жол жүру ақысын телефонның қосымшасы арқылы төлеу өте ыңғайлы екенін айтады, - деп толықтырды ол.
Облыс әкімі Асайын Байхановтың тапсырмасы бойынша, автобус паркін толық жаңартуға дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Екібастұз қаласында 1-1,5 жылдың ішінде автобус паркін толық жаңарту мәселесі шешіледі деп жоспарлануда.