Екібастұз әкімі су және кәріз желілерін жөндеу жұмыстарымен танысты

Қалада биыл 30 шақырымнан астам магистралды және орамішілік желілер жаңғыртылуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аян Бейсекин биылғы жылы М. Әуезов көшесі, 53А мекенжайында суық және ыстық сумен жабдықтау желілерінің екі шақырымын ауыстыру жұмыстары жүргізіліп жатқан жерге барды.
– Бұл күрделі жөндеу 5А шағын ауданының 14 көпқабатты тұрғын үйін және әлеуметтік нысандарын үздіксіз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, М.Жүсіп көшесі, 52-үйден Қ. Сәтбаев көшесі, 8-үйге дейінгі 1,5 шақырым желі ауыстырылды. Коммуналдық қызмет басшылығына жұмыстарды, соның ішінде құбырларды оқшаулауды және абаттандыруды қалпына келтіруді уақтылы аяқтау міндеті қойылды, – деп жазды қала әкімі Instagram парақшасында.
Тағы бір маңызды жоба – Беркімбаев көшесі бойындағы магистралды су құбырын қайта құру (3,5 шақырым).
– Бірнеше рет болған апаттар желінің тозу деңгейінің жоғары екенін көрсеткен. Қазіргі таңда құбырларды төсеу жұмыстары толығымен аяқталды. Мердігер ұйымға жол төсемін қалпына келтіру жұмыстарын қыркүйек айының соңына дейін аяқтау міндеті жүктелді, – деп атап өтті әкім.
Сонымен қатар, Беркімбаев көшесі бойындағы апатты кәріз коллекторын қайта құру жобасы да сәтті аяқталды.
– Ұзындығы шамамен 600 метр болатын коллектордың бұл учаскесі қаланың су бұру жүйесіндегі маңызды буын болып табылады, сондықтан оны қалпына келтіру басымдыққа ие болды. Жалпы, биылғы жылы қайта құру, күрделі және ағымдағы жөндеулер аясында 30 шақырымнан астам магистралды және орамішілік сумен жабдықтау және су бұру желілері жаңғыртылуда, – деді Аян Бейсекин.
Әкімнің айтуынша, үкіметтің және облыс әкімі Асайын Байхановтың қолдауының арқасында соңғы жылдары инженерлік желілердің тозу пайызын едәуір төмендету мүмкін болды. Орта мерзімді даму жоспары аясында қаланың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жүйесін жаңғырту жұмыстары алдағы уақытта да жалғаса беретін болады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram