Асайын Байханов: Железин ауданындағы ең маңызды жол биыл пайдалануға берілуі керек

Өңірде 116 жолды жөндеу жобасы іске асуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Оның ішінде облыстық маңызы бар жолдарда – тоғыз жоба (78 шақырым, 3,8 миллиард теңге), аудандық жолдарда – алты жоба (44 шақырым, 2,4 миллиард теңге), елді мекен көшелерін жаңарту бойынша – 76 жоба (200 шақырым, 12,6 миллиард теңге), сондай-ақ ауылдарға кіреберіс жолдарда – 25 жоба (91 шақырым, 6,3 миллиард теңге).
Бұл туралы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қанат Қашкиров облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиында мәлімдеді.
– Бүгінгі күні 116 нысанның 86-сы аяқталды. Қалған 26 учаскеде жол-құрылыс жұмыстары жалғасуда. Ал төрт жобада жұмыстар 5 қыркүйекке дейін басталады. Жалпы орындалу көлемі 83 пайыз, – деді басқарма басшысы.
Оның айтуынша, уақытылы аяқталған жобалардың қатарында Ақтоғай, Май, Павлодар аудандары мен Ақсу ауылдық аймағы бар. Ал Екібастұз қаласы, Аққулы, Баянауыл, Успен, Шарбақты аудандарында жұмыстар аяқталу сатысында. Тереңкөл (40%), Железин (50%) және Ертіс (63%) аудандарында жұмыс қарқыны төмен.
Қашкиров тәуекелді учаскелерді де атап өтті. Соның бірі – «Аққу – Қазы – Майқарағай» жолының 2,4 шақырым учаскесі. Мұнда негіз қабатында ақаулар анықталып, мердігер – астаналық «Арнайы құрылыс» компаниясымен келісімшартты бұзу мәселесі қаралуда.
– 3 қыркүйекте сотқа дейінгі рәсімдер өтеді. Егер келісімшарт бұзылса, жаңа конкурс аптаның соңына дейін жарияланады, – деді Аққулы ауданының әкімі Руслан Мұқанов.
Екінші проблемалы нысан – Железин ауданындағы «Веселая роща – Мыңкөл» жолы. Бұл – аудан үшін маңызды 15 шақырымдық жол. Жобаның жалпы құны шамамен 1 миллиард теңге. Мердігер «Аза» ЖШС әлі жұмысқа кіріспегенімен, уәде бойынша 5 қыркүйекке дейін бастамақ. Қосымша қаржыландыруға да өтінім берілген.
Облыс әкімі Асайын Байханов бұл жолды биыл толық аяқтауды тапсырды.
– Бұл Железин ауданындағы ең маңызды жол. Қаржыландыру мәселесін шешіп, 2025 жылдың соңына дейін пайдалануға беру қажет, – деді аймақ басшысы.
Жөндеу сапасы «Жол активтері сапасы ұлттық орталығының» толық бақылауында. 229 миллион теңгеге жасалған келісім аясында орталық 356 рет тексеру жүргізіп, 1171 сынама алған. Нәтижесінде 983 сынама стандартқа сай шықса, 44-і талапқа сәйкес келмеген. Бүгінде анықталған 101 ақаудың 65-і жойылып, 36-сы реттелу үстінде.
Жыл соңына дейін облыстағы жергілікті маңызы бар автокөлік жолдарының 96 пайызы нормативтік жағдайда болады деп күтілуде.