Екібастұз әкімдігі бөлген пәтерде бейтаныс адамдар заңсыз тұруда
Алайда оларды шығаруға мүмкіндік жоқ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Былтыр Екібастұз әкімдігі кезекте тұрғандарға қаланың 20-шы шағын ауданында пәтер берген. «Жетімдер» санаты бойынша бөлінген пәтерлердің бірінде бүгінде бейтаныс адамдар заңсыз тұрып жатыр және Екібастұз полициясы бұл ақпаратты растады.
Көршілердің айтуынша, пәтер иесінің орнына оның бұрынғы серіктесі тұруда. Көршілер аталған пәтердің тұрақты қонақтары үйдің кіреберісі мен лифтті ластайтынына шағымданып, 102-ге бірнеше рет қоңырау шалған.
Полицияның ақпараты бойынша, оларды қазір ешкім шығара алмайды, өйткені заң бойынша адамдарды үйден қыста шығаруға тыйым салынған. Екібастұз қаласы әкімдігінің экономика және қаржы бөлімі пәтерге тексеру жүргізді.
– 2024 жылғы 26 желтоқсанда пәтерді тексеру барысында пәтердің иесі тұрмайтыны анықталды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, аталған тұлғаларға балама тұрғын үй берілместен шығару туралы хабарлама жіберілді, – деп атап өтті ведомствода.
Сондай-ақ иесінің тұрғын үйді мақсаты бойынша пайдаланбауына және жарты жылдан астам уақыт бойы үйінде болмағандығына байланысты аталған пәтерді пайдалану құқығынан айырылды деп тану туралы сотқа талап арыз берілген.
Іс Екібастұз қалалық сотында қаралуда.