Екібастұздағы психикалық денсаулық орталығы күрделі жөндеуді қажет етеді
Себебі іргетасы қаланғанына ширек ғасырдан асқан ғимаратқа бірде-бір күрделі жөндеу жұмысы жүргізілмеген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Екібастұз қаласындағы облыстық психикалық денсаулық орталығының бөлімшесін күрделі жөндеуден өткізу көзделуде. Бұл мәселе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ермек Кучуковтың қалаға жұмыс сапары барысында көтерілді.
Қазіргі уақытта аталған медициналық нысанда жедел психиатриялық және ерікті наркологиялық бөлімшелер, уақытша бейімдеу және детоксикация орталығы, сондай-ақ медициналық куәландыру кабинеті жұмыс істейді. Аталған бөлімшелердің барлығы 1973 жылы салынған бір ғимаратта орналасқан. Осы уақытқа дейін нысанда күрделі жөндеу жүргізілмеген.
Медициналық ғимаратты жаңарту үшін жобалау-сметалық құжаттаманың қорытынды нұсқасы әзірленген. Жұмыс сапары кезінде басқарма басшысы нысанның жай-күйімен танысып, күрделі жөндеу жүргізу қажеттігін растады. Қазіргі таңда ғимарат өңірдің денсаулық сақтау саласын дамыту жоспарына енгізілген.
Сонымен қатар, Қазақстанда 2027–2030 жылдарға арналған психикалық денсаулықты қорғау жөніндегі кешенді жоспар аясында осы саладағы инфрақұрылымды жаңарту көзделген.
Екібастұздың аймақ үшін маңызын ескере отырып, Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасы медициналық нысанды аталған кешенді жоспарға енгізу туралы денсаулық сақтау министрлігіне өтініш білдіріп, күрделі жөндеу жұмыстарын республикалық бюджет есебінен қаржыландыру мүмкіндігін қарастыруды жоспарлап отыр.
Жөндеу жұмыстары жүзеге асса емделушілерге қолайлы жағдай жасауға және көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік берері сөзсіз.
