Екібастұзда абаттандыру бойынша бұрын-соңды болмаған жұмыстар атқарылды
Кеншілер шаһарында 400 миллион теңгеге 20 футбол алаңы орнатылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыс әкімі Асайын Байханов Екібастұзға барған жұмыс сапары барысында абаттандыру жұмыстарын тексерді.
– Екібастұз шаһарының іргетасы қаланған уақыттан бері абаттандыру бойынша осындай ауқымды жұмыстар болған емес. Биыл біздің алдымызда спорттық инфрақұрылымды дамыту, атап айтқанда, футбол алаңдарында қажетті жағдайлар жасау міндеті тұрды. Әр шағын ауданға екі футбол алаңын орнату керек болды, – деді Аян Бейсекин.
Бұдан бөлек кеңестік кезеңде салынған мұз айдындарын бұзып, олардың орнына жаңа хоккей кортын орналастыру жұмыстары қараша айына дейін аяқталу тиіс.
– Жазда олар роллердром ретінде пайдаланылады. Яғни, роликтерді жалға беруді қарастырып отырмыз. Ол жерде музыкалық жабдықтарды қоямыз, – деп атап өтті қала әкімі. – Хоккей алаңдары бойынша қыркүйек айының басында ғана келісімшартқа отырдық. тамыз айында өткен бюджетті нақтылау кезінде қаражат бөлінді. Жұмыстарды қараша айының соңғы онкүндігінде аяқтауды жоспарлап отырмыз.
Мұз айдындарын жаңарту жұмыстарына 200 миллион теңге көзделген. Аймақ басшысы хокей корттарын сенімгерлік басқаруға кәсіпкерлерге беруді ұсынды.
Оған қоса 279 ауланың ішінен 170 аулада балалар алаңы жоқ. Биыл облыстық бюджеттен бөлінген 750 миллион теңгеге 50 балалар алаңы орнатылды.
– Үнемдеу есебінен тағы 16 алаңды салу үшін келісімшартқа отырдық. Ауа райының қолайлы болуына байланысты жұмыстарды жалғастырып отырмыз.
Асайын Байханов Әуезов мекенжайына орналасқан үлгілі аулаға барып, жұмыстардың нәтижесін көрді. Ол көшеде толығымен асфальт төселіп, жарықтандыру орнатылып, балалар мен футбол алаңы жабдықталды. Бүгінде аулада хоккей кортын салу бойынша жұмыстар жалғасуда.