Екібастұз жылу желілерінде ауқымды жөндеу жүргізіледі
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярға алдағы жоспарлар туралы баяндады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
– Біз магистральдық желілерде, жеткізуші және орамішілік желілерде, станцияның өзінде қатар жұмыс істеу қажеттігін түсінеміз, – деп атап өтті аймақ басшысы.
Оның айтуынша, төрт жылу магистралін жөндеу бойынша ЖСҚ дайындалуда және 15 ақпанда мемлекеттік сараптамадан өтеді. Станцияда сегіз қазандықты жөндеу бойынша ЖСҚ дайындалуда: оның бесеуі – су жылытқыш, үшеуі – энергетикалық.
– 5-6 ай дайындауды қажет ететін жабдықтың негізгі түрлеріне «Екібастұзжылуоэнерго» акционерлері тапсырыс беріп қойған, – деді облыс әкімі.
Асайын Байхановтың сөзінше, 350 шақырымға жуық жылу желілерін жөндеу жұмыстары бойынша жол картасы бекітіліп, жұмыс учаскелерін бөлу жөніндегі меморандумға қол қойылған.
Кеңес соңында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр жақында болған апат кезінде 70 үйдің 12 мың тұрғыны жылусыз қалғанын тағы да еске салып, қала билігін Екібастұз тұрғындарын жылумен қамтамасыз ету мәселесін дұрыс шешу жолын қарастыруды тапсырды.