Екібастұзда Абай Құнанбайұлының атындағы мектептің 70 жылдық мерейтойы аталып өтті
Қазіргі таңда мектепте 750 оқушы білім алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
№2 мектептің негізі 1954 жылы қаланып, 1995 жылы қазақтың бас ақыны – Абай Құнанбайұлының аты берілген.
Жеті онжылдықта оқытушылар құрамы өзгеріп, қаншама түлектер мектеп қабырғасынан түлеп ұшты. Осы уақыт ішінде мектеп түрлі кезеңдерді өткерсе де, сапалы білім мен жоғары оқу үлгерімі әрдайым басты назарда болды.
– №2 мектеп қабырғасының түлектері қазіргі уақытта өндіріс саласының озық шеберлері, дәрігер, құрылысшы, журналист, мұғалім, кәсіпкерлер, ең бастысы – Екібастұз өңірінің ғана емес, бүкіл елдің дамуына үлес қосып жүрген беделді азаматтары, – қала әкімі Аян Бейсекин. – Облыс әкімінің қолдауымен соңғы екі жылда облыстық бюджет есебінен мектептің жылу жүйесі, су құбыры, шатыры күрделі жөнделіп, мектеп қоршауы, қасбеті мен терезесі ағымды жөндеуден өтті.
Қазіргі таңда мектеп Абай ілімін ұстана отырып 750 оқушыға жан-жақты білім беруде, 58 педагог еңбек етуде. Балалар облыстық, республикалық деңгейдегі олимпиадалар мен жарыстарда жоғары көрсеткіштер көрсетуде.
Шаһар басшысы, педагогика саласының ардагерлеріне Екібастұз өңірінің білім беру жүйесіне қосқан елеулі үлестері, бірнеше буын өкілдерін тәрбиелеу жолындағы қажырлы еңбектері үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ, мектептің қазіргі ұжымына кәсіби табыс және жоғары жетістіктер тіледі.