Екібастұзда алимент өндіру мәселесі прокуратураның бақылауына алынды
Жыл басынан бері алимент төлемеген бес адамға үкім шығарылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қалалық прокуратурада атқарушылық іс жүргізу саласындағы заңдылық мәселелері бойынша ведомствоаралық кеңес өтті. Оған прокуратура, әділет басқармасы, жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасы, полиция басқармасы және қала әкімдігі өкілдері қатысты.
Кеңес барысында мемлекет кірісіне өндірілетін қаражат пен жалақыға қатысты атқарушылық құжаттарды орындауды күшейтуге бағытталған бірлескен шаралар қабылданды.
Прокуратураның мәліметінше, балалардың алимент алу құқығын қорғау мақсатында борышкерлерді әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселесі ерекше бақылауға алынды.
Жыл басынан бері прокуратура актілері негізінде Қылмыстық кодекстің 139-бабы («Балаларды асырауға қаражат төлеу жөніндегі міндеттерді орындамау») бойынша бес адамға сот үкімі шығарылды. Сонымен қатар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 669-бабы («Сот актісін және атқару құжатын орындамау») бойынша 29 борышкер жауапкершілікке тартылды.
Алдағы уақытта жұмыспен қамту орталығы мен жеке сот орындаушылары ай сайын бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізсе, полиция «Борышкер» жедел-профилактикалық іс-шараларын ұйымдастырады.
Қала тұрғындары атқарушылық іс жүргізуге қатысты мәселелер бойынша қала прокуратурасына +7 (776) 606-04-84 нөмірі арқылы хабарласа алады.