Екібастұзда алкогольге тәуелділер емделуге жіберілді

Екібастұзда алкогольге тәуелділер емделуге жіберілді
Фото: жасанды интеллект

Жыл басынан бері 57 азамат мәжбүрлі түрде ем алуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Қазіргі таңда ішкі істер органдарының есебінде маскүнемдікке салынған мыңнан астам адам және 158 нашақор тіркелген. Олардың барлығы учаскелік полиция инспекторларының ерекше бақылауында.

Екібастұз қаласы полиция басқармасының қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің бастығы Медет Бейсеновтің айтуынша, полиция қызметкерлері құқық бұзушылықтарға «нөлдік төзімділік» қағидатын іске асыруды жалғастыруда.

–  Мәжбүрлі емдеу Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес қолданылады. Оның негізгі мақсаты – қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алу, азаматтардың денсаулығын қалпына келтіру және олардың қоғамға қайта бейімделуіне жағдай жасау, – деді ол.

Мәселен, Екібастұз қаласының бір тұрғыны спирттік ішімдіктерді шамадан тыс тұтынып, мас күйінде отбасында жанжал шығарып, кей жағдайда қол жұмсауға дейін барған. Ер адам туыстарының ескертулеріне құлақ аспай, жұмыс істемеген әрі үйдегі заттарды сыртқа шығара бастаған. Осыған байланысты отбасы мүшелері учаскелік полиция инспекторынан көмек сұраған.

Қажетті құжаттар жиналғаннан кейін материалдар сотқа жолданып, қалалық соттың шешімімен азамат алты ай мерзімге Павлодардағы мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемеге мәжбүрлі ем қабылдауға жіберілді.

Ведомство өкілдерінің атап өтуінше, емдеу курсынан өткен азаматтардың қоғамға қайта оралуы – бұл тек жеке адамның қалпына келуі ғана емес, сонымен қатар жалпы қоғамның денсаулығы мен әл-ауқатына қосылған маңызды үлес.