Екібастұзда бала құқығы бойынша көшпелі қабылдау өтеді
Қала тұрғындары балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелері бойынша тікелей өңірлік уәкілге жүгініп, көкейтесті сұрақтарына жауап ала алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның хабарлауынша, 11 ақпан күні Екібастұз қаласында азаматтарды көшпелі қабылдау шарасы өтеді. Жергілікті тұрғындарды Павлодар облысы бойынша бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл Сәуле Шакенева жеке мәселелері бойынша қабылдайды.
Кездесу сағат 15:00-ден 16:00-ге дейін М. Әуезов көшесі, 47А мекенжайында ұйымдастырылмақ. Қабылдау барысында ата-аналар мен заңды өкілдер балалардың құқықтарын қорғауға қатысты өздерін толғандырып жүрген кез келген мәселе бойынша білікті кеңес алып, ресми түрде өтініш білдіре алады.