Екібастұзда балабақша тәрбиеленушілері ұлттық ойындармен жарысты
Балабақшалар арасында «Көшпенділер -2024» қалалық ұлттық ойындар фестивалі өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz. тілшісі.
Екібастұз қаласының білім беру бөлімінің мәліметінше, № 23 мектепке дейінгі гимназия базасында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында «Көшпенділер -2024» қалалық ұлттық ойындар фестивалі ұйымдастырылды. Жарысты мектеп жасына дейінгі балаларды ұлттық спорт және ойын түрлерімен таныстыру, оның мәнін, ұлттық маңыздылығын ұғындыру, элементтерін үйрету, салауатты өмір салтына баулу мақсатында өткізіп келеді.
– «Көшпенділер-2024» ұлттық ойындарына қаланың мемлекеттік тілдегі № 5, №14, №16, №23 балабақшаларының тәрбиеленушілері қатысты. Ұлттық ойындар фестивалі «Таныстыру», «Орамал қағып алу», «Теңге алу», «Көкпар», «Қой көтеру», «Ой қозғау», «Арқан тарту» сынды бірнеше кезеңдерді қамтыды, — деді бөлімде.
Жарыс қорытындысы бойынша барлық қатысушылар дипломдар мен медальдар және сайыс жеңімпазы «Көшпенділер-2024» кубогімен марапатталды. № 23 балабақша ұжымы ұлттық ойындар фестивалін жыл сайын қалалық деңгейде ауқымын кеңейтіп, дәстүрлі түрде ұйымдастыруды көздейді.
Айта кетерлігі, «Көшпенділер-2024» ойыны – бұл мектеп жасына дейінгі балаға, ұлттық ойындар арқылы командалардың бағын сынап көретін, заманауи қызықты спорттық жоба.