Екібастұзда балалар шығармашылығы орталығы қандай болмақ?
Облыс әкімі Асайын Байханов нысанның құрылысымен танысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Мердігер ұйым – «QazaqSTROYAlmaty» ЖШС. Бүгінгі таңда үшінші қабаттың кірпіштері қаланып, сыртқы инженерлік желілерді төсеу, әрлеу, ғимараттың қасбетін оқшаулау жұмыстары жүргізілуде. Нысанды 31 тамызда тапсыру жоспарланып отыр.
Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Қадылжан Сәтиевтің айтуынша, барлық қажетті материал әкелінген.
– Кейбір жұмыстар мерзімнен бұрын атқарылса, кейбіреулері ауа райына байланысты артта қалып отыр, – деді ведомство басшысы. – 20 маусымға қарай ішкі әрлеу бойынша қарқынды жұмыс істей бастаймыз. Келесі аптада аумақты абаттандыруды бастауды жоспарлап отырмыз, 200-ден астам түрлі жасыл желек отырғызылады.
Асайын Байханов мердігерге жоба бойынша 2,5 мың шаршы метрге төселуі тиіс кеспетастардың сапасына назар аударуды тапсырды.
Аумағы 9 253 шаршы метрді құрайтын үш қабатты ғимараттың бірінші қабатында 350 орынға арналған көрермен залы, кофехана, екі репетициялық зал, хореография студиясы, теориялық білім беру сыныбы болады.
Екінші қабатта музыкалық студия, жеке сабақтар кабинеттері, дыбыс жазу студиясы, хореография студиясы, әкімшілік кабинеттер, үшінші қабатта қысқы бақ, жасыл алаңдар зертханасы, үйірме кабинеттері, радиобайланыс студиясы, екі жаттығу залы, теориялық сабақтар сыныбы қарастырылған.
– Балалар шығармашылығы үйінің басшылығына тәжірибелі адамды тағайындау керек. Бұл ғимарат Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойынша салынуда. Сондай-ақ сапалы қызмет көрсетілуі тиіс, – деді Асайын Байханов.
Айта кетерлігі, мұндай жабдықталған балалар шығармашылығы орталығы елімізде тек Екібастұз және Астана қалаларында ғана бар.
Еске сала кетейік, орталық іске қосылғаннан кейін қалада қосымша біліммен қамту деңгейі 70%-ды құрамақ. Сондай-ақ жаңа орталық ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға бейімделмек.