Екібастұзда дүнежүзілік сарапшылар жылқы шаруашылығын дамытуды талқылады

Іс-шараны Торайғыров университеті мен Павлодар облысы жылқы шаруашылығы қауымдастығы ұйымдастырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Қазақстан мен шекаралас мемлекеттерде жылқы шаруашылығын дамытудың перспективалары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясын Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожинов ашты. Ол жылқы өсіру саласының өңір мен елдің аграрлық секторындағы маңызын атап өтті. Торайғыров университетінің ректоры Нұрлан Медетов өз сөзінде университеттің отандық жылқы шаруашылығын дамытуға бағытталған ғылыми-селекциялық және өндірістік жұмыстарды белсенді түрде қолдап келе жатқанын айтты.
Конференцияға Қазақстан, Англия, Моңғолия, Ресей және басқа да елдерден келген 100-ден астам жетекші ғалымдар, зоотехниктер мен салалық мамандар жиналды. Олардың қатарында Лондондағы Корольдік ветеринарлық колледжінің профессоры Денис Ларкин, Моңғолия жаратылыстану университетінің профессоры Сайполда Тохторбай, белгілі қазақстандық академиктер Дастанбек Баймұқанов пен Нәбидолла Кикебаев және басқа да мамандар бар.
Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекиннің қолдауымен «Анара» шаруа қожалығы базасында жоғары өнімді асылтұқымды жылқылар көрмесі ұйымдастырылды. Онда жәбе, мұғалжар тұқымдарының үздік өкілдері көрсетілді. Көрме қатысушыларының назарын ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұржан Әшімбетовтің азық-түлік қауіпсіздігі мен ішкі және сыртқы нарықта жылқы етіне деген сұранысты кеңейтудің маңыздылығына арналған баяндамасы аудартты.
– Конференция ғылыми жетістіктер мен тәжірибемен алмасуға арналған маңызды алаңға айналды. Сарапшылар селекция, генетикалық зерттеулер, саланы цифрландыру және жайылымдарды тиімді пайдалану мәселелерін талқылады, – деді ұйымдастырушылар.
Іс-шара қорытындысы бойынша саланы дамытуға елеулі үлес қосқан ғалымдар мен жылқы өсірушілер марапатталды. Қатысушыларға Павлодар облысы әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары, облыстық мәслихаттың Алғыс хаттары, «Торайғыров университеті» медальдары табысталды.