Екібастұзда гидравликалық сынақтар жүргізу кезінде ақау анықталды
Қазіргі уақытта зақымдануды жою бойынша жұмыстар жүргізілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Әлеуметтік желілерде кеншілер шаһарындағы көшелердің бірінде ыстық субұрқақтың пайда болғаны туралы виедолар кеңінен таралды.
Бұған Екібастұз қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі былай деп жауап берді.
- Бекітілген жоспарға сәйкес бүгін яғни 26 қыркүйекте Мәшһүр Жүсіп көшесіндегі жылу желілерінде гидравликалық сынақтар жүргізу кезінде № 2 магистральдік құбырдың қайта жаңартылған учаскесінде 24Л жылу камерасындағы тығыздағыш компенсаторда ақау анықталды. Қазіргі уақытта зақымдануды жою бойынша жұмыстар жүргізілуде, - делінген хабарламада.
Шаһарда 20-23 қыркүйек аралығында №5, 8, 12 қайта жаңартылатын жылу магистральдарын жуу және сығымдау жұмыстары жүргізілді. Сынақтар барысында жаңа желілерде зақым анықталған жоқ. Сондай-ақ, жоспарға сәйкес, 26-30 қыркүйек аралығында №2 жылу магистралін сынау жоспарланған.
Бұған дейін Мәшһүр Жүсіп көшесіндегі № 1, 2 жылу магистральдарына, сондай-ақ 32 шағын ауданның жеке секторы бойынша өтетін жер үсті магистральдік құбырға гидравликалық сынақтар жүргізілетіні туралы хабарлаған болатынбыз.